«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар көптеп қаржыландырылады. Алайда, соңғы кездері осы бағдарлама арқылы білім беру саласында да ерекше жобалар жүзеге асырыла бастады. Сондай тың жобалардың бірі – «Виртуалды шындық – Голограмма», бұл жобаны Ақмола облысының Ақкөл ауданының тұрғыны Альбина Досмұхамбетова ұсынған. Қазіргі уақытта жоба «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының кредиттік комитетінде қарастырылып жатыр.
Альбина Досмұхамбетова жобаны жүзеге асыру барысында мектеп оқушыларына тарих, география, жаратылыстану пәндерінен практикалық сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл сабақтар AR (қосымша шындық) технологиясы арқылы өтеді. Оқушылар арнайы шлем киіп, сол арқылы тарихи немесе географиялық орындарға виртуалды саяхат жасайды. Мұның бәрі арнайы жасалған бағдарлама арқылы жүзеге асады. Мәселен, тарих сабағында олар XV ғасырдағы Түркістанның сәулетін көрсе, география сабағында Үлкен Тосқауыл рифіне баруға мүмкіндік алады. Бұл жоба оқушыларға мектептің қабырғасында түрлі тарихи кезеңге саяхаттауға мүмкіндік береді.
«Бұл технологияларды білім беру саласына енгізу – ұлт үшін маңызды қадам. Қазір бағдарламалау, 3D графика және анимация сияқты салаларда білікті мамандарға сұраныс өте жоғары. Біздің жобамыз осы бағыттағы мамандарды даярлауға да өз үлесін қосады деген сенімдеміз», – дейді Альбина Жәнісовна.
Оның айтуынша, батыс елдеріндегі ірі компаниялар бұлл технологиялар көбіне ойын индустриясы үшін пайдаланады. Ал білім беру саласында осындай контентті әзірлейтін студиялар саусақпен санарлықтай. Бұл жағдай Альбина мен оның командасына бәсекелестерінен бір қадам алда болуға мүмкіндік береді.
Альбина Досмұхамбетова жобаны алдымен Ақкөл ауданыны мен жақын маңдағы өңірлердегі жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларға енгізуді жоспарлап отыр. Аймақта 300-ден астам мектеп пен балабақша бар. Сондықтан 30 шлемнен тұратын бір жиынтық оқу жылы бойы толық пайдаланылмақ. Жоба әлеуметтік желілер арқылы да кеңінен таныстырылады.
«Виртуалды шындық – Голограмма» жобасы Қазақстандағы білім беру саласындағы инновациялық қадам ретінде, оқу үдерісін жетілдіріп, жаңа технологияларды енгізуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Мадияр КОЖАГЕЛЬДИН.