Home Технологиялар Қазақстанда мотор майына цифрлық таңбалау енгізіледі

Қазақстанда мотор майына цифрлық таңбалау енгізіледі

16

Қазақстанда сатылатын мотор майының жартысына жуығы көлеңкелі айналымда болуы мүмкін. Бұл – сарапшылардың болжамы. Әсіресе қымбат брендтердің майын жиі қолдан жасайды. Мұндай фальсификат көлік қозғалтқышының жұмысына айтарлықтай зиян келтіреді. Осы мәселенің алдын алу үшін елімізде мотор майын міндетті түрде цифрлық таңбалау жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, мотор майларын цифрлық таңбалау 2026 жылдың басынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл қадам – отын-энергетика саласындағы цифрлық жаңғырудың бір бөлігі әрі тұтынушылардың құқығын қорғауға және жасанды өнімдермен күресуге бағытталған.

Қазір нарықта өнімнің түпнұсқалығын дәлелдеуге арналған түрлі амалдар бар: голограммалар, арнайы қақпақтар, QR-кодтар. Алайда Энергетика министрлігі олардың көбі өнімнің шынайы екеніне кепіл бола алмайтынын айтады. Себебі соңғы уақытта жалған майларды визуалды түрде ажырату қиындап кеткен. Түпнұсқа ыдыстарға жасанды май құйып, қайта сату жағдайлары да жиі кездеседі.

Цифрлық таңбалау жүйесінде әр өнімге арнайы Data Matrix коды беріледі. Бұл код бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізіледі. Осылайша, мотор майының зауыттан дүкен сөресіне дейінгі жолы толық бақыланып отырады.

Naqty Onim атты мобильді қосымша арқылы тұтынушы кодты сканерлеп, өнімнің шынайылығын тексере алады. Сондай-ақ майдың құрамы, тұтқырлығы, көлемі мен сәйкестік декларациясы секілді маңызды ақпараттармен танысуға мүмкіндік бар. Бұл – тексерілген өнімге деген сенімді арттырып, жасанды майға тап болу қаупін азайтады.

Жаңа жүйе бизнеске де тиімді. Таза жұмыс істейтін компаниялардың бренді қорғалады, ал мемлекет көлеңкелі сауданы азайтып, салықтық тәртіпті күшейтеді. Таңбалау және қадағалау процесі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жүйелерімен біріктіріледі. Бұл – бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастырып, бақылауды жеңілдетеді.