Home Кәсіби маман Шетел азаматтарына арналған QazETA цифрлық платформасы жұмысын бастады (Electronic Travel Authorization, ETA)

Шетел азаматтарына арналған QazETA цифрлық платформасы жұмысын бастады (Electronic Travel Authorization, ETA)

12

QazETA — шетел азаматтарына көші-қон және оған байланысты негізгі мемлекеттік қызметтерді бір жерден ыңғайлы, ашық әрі қауіпсіз түрде алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік цифрлық платформа. Жүйе шетелдіктерге арналған бірыңғай цифрлық терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Жоба шетел азаматтарының Қазақстанның мемлекеттік органдарымен өзара байланысын заманауи әрі қолайлы форматқа көшіруге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

QazETA платформасы келесідей міндеттерді көздейді:

– шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына келу және ел аумағында болу рәсімдерін жеңілдету;

– шетел азаматының елге кіруінен бастап күнделікті қажетті қызметтерді алуына дейін мемлекеттік сервистермен бірізді байланысын қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық кіру нүктесін қалыптастыру;

– рәсімдердің ашықтығын арттыру, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту;

– негізгі көші-қон рәсімдерін цифрлық және мобильді форматқа көшіру.

Қазіргі уақытта QazETA пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Платформаны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мына қызметтер қолжетімді:

– электрондық виза рәсімдеу (e-Visa);

– елге кіруге электрондық рұқсат алу (ETA);

– Қазақстан Республикасының электрондық резиденті мәртебесін алу (e-Residency);

– шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткенін растайтын анықтаманы алу. Бұл құжатты мобильді құрылғылардың IMEI нөмірін растау мақсатында да пайдалануға болады.

Платформаның негізгі қызметтері:

Электрондық виза (e-Visa)

Электрондық виза — шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға виза берудің цифрлық форматтағы мемлекеттік қызметі.

104 елдің азаматтары бір реттік электрондық визаны мына санаттар бойынша рәсімдей алады. Олар «А3» қызметтік, «А5» инвестициялық, «В1», «В2», «В3» іскерлік, «В9-1» Digital Nomad Visa, «В10» жеке сапарға арналған, «В12» туристік және «С12» емделуге арналған визалар.

Электрондық виза электрондық түрде рәсімделген шақыру негізінде беріледі. Шақыруды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық полиция органдары рәсімдейді. Электрондық виза тек оның иесіне беріледі және бірге жүретін адамдарға қолданылмайды. Паспорт ауыстырылған жағдайда электрондық визаны қайта рәсімдеу қажет.

Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының аумағына жарамды электрондық визамен тек халықаралық әуежайлардағы өткізу бекеттері арқылы кіріп, елден шыға алады.

Елге кіруге берілетін электрондық рұқсат

ETA Қазақстан Республикасына визасыз кіру тәртібі қолданылатын елдердің азаматтарына арналған. Рұқсат электрондық түрде рәсімделеді.

Қазақстанға баруды жоспарлаған шетел азаматтары ETA алуға арналған өтінішті сапарға шығудан кемінде 72 сағат бұрын мобильді қосымша арқылы беруі қажет.

ETA-ның жарамдылық мерзімі 180 күнді құрайды.

Шетел азаматының Қазақстан аумағында нақты қанша уақыт бола алатыны қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес айқындалады.

Сонымен бірге ETA-ның берілуі Қазақстан аумағына кіруге кепілдік бермейді. Елге кіргізу туралы түпкілікті шешімді шекаралық бақылаудан өту кезінде Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы қабылдайды.

ETA рәсімдеу талап етілмейтін тұлғалар:

– дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;

– ресми делегация мүшелері;

– Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері.

Пилоттық кезеңде Қазақстанға визасыз кіруге құқығы бар елдердің азаматтары үшін ETA алу міндетті емес, ұсынымдық сипатта болады. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін аталған санаттағы азаматтарға ETA алуды кезең-кезеңімен міндеттеу жоспарланып отыр.

Электрондық резиденттік (e-Residency)

e-Residency — Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға цифрлық мемлекеттік және коммерциялық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа құрал.

Электрондық резиденттік «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құқықтық тәртібі аясында жүзеге асырылады және келесідей мүмкіндіктерді қамтиды:

– жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қашықтан алу;

– банк шоттары мен төлем карталарын ашу;

– eSIM рәсімдеу;

– компанияларды қашықтан тіркеу және кәсіпкерлік қызмет жүргізу.

Шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткенін растайтын анықтаманы алу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл құжатты мобильді құрылғылардың IMEI нөмірін растау үшін де пайдалануға болады.

Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Олардың қатарында медициналық сақтандыруды рәсімдеу, ETA иелерінің шекаралық бақылаудан жедел өту мүмкіндігі, сервистік алымды төлеу және басқа да цифрлық қызметтер бар.

QazETA мобильді қосымшасын Play Market пен App Store дүкендерінен жүктеп алуға болады.

Жоба аясында техникалық қолдау қызметі де жұмыс істейді. Пайдаланушылар өз өтініштері мен ұсыныстарын support@qazeta.kz электрондық поштасы арқылы жолдай алады.