Женевада өткен «Цифрлық апта» аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Жасанды интеллект мүмкіндіктерін баршаға қолжетімді ету жолындағы инклюзивті және өзара үйлесімді тәсілдер» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Қазақстанның БҰҰ жүргізіп отырған реформаларды қолдайтынын атап өтіп, елде цифрлық қоғамды қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.
Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында тұр. Республикада мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Сонымен қатар Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заңды қамтитын құқықтық база азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға құқықтық кепілдік береді.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастама көтерді. Биылғы сәуір айында БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты өңірлік цифрлық шешімдер орталығын құру туралы ұсынысты қолдаған болатын. Өз сөзінде Жаслан Мәдиев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді осы бастама аясындағы әріптестікке шақырып, ұлттық сарапшыларды аталған орталықтың жұмысына қатыстыруды ұсынды. Қазақстан тарапының бағалауынша, бұл орталық озық цифрлық шешімдерді сынақтан өткізуге, олардың тиімділігін бағалауға және кеңінен енгізуге мүмкіндік беретін тәжірибелік алаңға айналады. Сондай-ақ ол Орталық Азиядағы Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығымен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыруға ықпал ететін маңызды тетік қызметін атқарады.
Жаслан Мәдиев Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын үш негізгі бағыт бойынша айқындады. Бірінші бағыт – Президенттің төрағалығымен жұмыс істейтін Жасанды интеллект жөніндегі кеңес арқылы институционалдық әлеуетті нығайту. Екінші бағыт – цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Оның аясында қуаттылығы 1 гигаватт болатын Data Center Valley деректерді өңдеу орталықтары кешенін құру және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс дәлізінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Үшінші бағыт – AI-Sana білім беру бағдарламасы мен халықаралық alem.ai орталығының қызметі арқылы адами капиталды дамыту.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан үшін жасанды интеллект саласындағы инклюзивті басқару ең алдымен жүйелердің өзара тиімді ықпалдасуын қамтамасыз етуді білдіреді. Осыған байланысты ел халықаралық ынтымақтастыққа ашық екенін, тәжірибе алмасуға, бірлескен пилоттық жобаларды іске асыруға және технологияларды құқықтық реттеудің өзара үйлесімді тәсілдерін қалыптастыруға дайын екенін жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстанның басты мақсаты – жасанды интеллектінің тұрақты экономикалық өсімге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қосатын нақты үлесін қамтамасыз ету.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












