Home Технологиялар Инновациялар «TarikhMap» – тарихты оқытуға арналған жасанды интеллект негізіндегі цифрлық платформа

«TarikhMap» – тарихты оқытуға арналған жасанды интеллект негізіндегі цифрлық платформа

11

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде PhD докторы, аға оқытушы Айжан Қонырованың жетекшілігімен тарихты оқыту үдерісінде интерактивті цифрлық карталар мен жасанды интеллект технологияларын пайдалануға арналған «TarikhMap» инновациялық платформасы әзірленді.

«TarikhMap» платформасының басты мақсаты – тарих пәнін оқытуды цифрлық форматқа көшіру, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру және педагогтердің жұмыс уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасау.

Қазіргі таңда университет студенттері бұл цифрлық платформаны педагогикалық тәжірибе барысында кеңінен пайдаланып келеді. Олар жаңа тақырыптарды түсіндіруде, мемлекеттердің аумақтық өзгерістерін көрсетуде және тарихи оқиғалармен байланысты орындарды интерактивті түрде таныстыруда платформаның мүмкіндіктеріне жүгінеді. Бұл білім алушылардың көрнекі түрде қабылдау қабілетін жетілдіріп, оқу материалын есте сақтау тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар цифрлық карталардың мүмкіндіктері оқу бағдарламасы материалдарын бекітуге, үй тапсырмаларын тексеруге және жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау барысында нәтижелі қолдануға жол ашады. Жоба педагогикалық мамандықтарда білім алып жүрген студенттер мен мұғалімдердің сапалы цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттерді дамытуға ықпал ететін заманауи білім беру құралы ретінде де ерекшеленеді. Сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

«TarikhMap» платформасы «Startup-Tomiris» байқауының үздік жобаларының қатарына еніп, 1 миллион теңге көлемінде грант иеленді. Қазіргі уақытта жоба Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар мектептердің білім беру үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.