eGov Mobile қосымшасына тұрғын үй кезегіне тұру мәселелері бойынша жаңа ақпараттық бөлім қосылды. Енді қолданушылар «Тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою» процесіне қатысты ең жиі қойылатын сұрақтардың жауабын оңай таба алады. Атап айтқанда, кімдердің кезекке тұруға құқығы бар, өтінімді қарау қанша уақыт алатыны, туыстарының атында баспана болған жағдайда өтінім беруге бола ма және сол сияқты өзге де маңызды сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап ұсынылған.
Жаңартылған бөлім – 2025 жылдың 24 мамырынан бастап іске қосылған «Отбасы банкі» әзірлеген orken.otbasybank.kz онлайн-платформасының жұмысымен тікелей байланысты. Енді тұрғын үйге кезекке тұру өтінімі толықтай онлайн түрде рәсімделеді. Ол үшін тек электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүйеге кіру жеткілікті.
«Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» бірыңғай цифрлық платформасы 14 мемлекеттік дерекқорға қосылған. Бұл жүйе өтініш берушінің тұрғын үйі бар-жоғын, отбасы мүшелерінің санын, табысын, сондай-ақ баспанаға мұқтаждық деңгейін автоматты түрде тексереді. Мұның бәрі адами факторды мейлінше азайтып, процесті ашық әрі әділ етеді.
Өтінім қаралған соң азаматтың ұялы телефонына 1414 нөмірінен тиісті шешім туралы SMS-хабарлама келеді.
Қосымшаның басты бетінде орналасқан «Танымал қызметтер» бөлімінен бұл жаңа ақпараттық блокты оңай табуға болады. Бұл жаңашылдық азаматтарға бағдарламаның талаптарын алдын ала түсініп, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.