Home Технологиялар Қазақстан мен Ресей логистикада жаңа технологияны сынақтан өткізді

Қазақстан мен Ресей логистикада жаңа технологияны сынақтан өткізді

12

Технологиялардың қарқынды дамуы әлемді түбегейлі өзгертіп жатыр. Кеше ғана болашақтың еншісінде көрінген жаңалықтар бүгінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуда. Инновациялық шешімдер қоғамның барлық саласына белсенді енгізіліп келеді, ал көлік саласы осы өзгерістердің ең айқын көріністерінің бірі саналады. Пилотсыз технологиялар халықаралық жүк тасымалының дамуына жаңа серпін беріп, саланың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өтуіне жол ашуда, деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысының көлік саласына озық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қазақстан мен Ресей бірлесіп қолға алған халықаралық пилотсыз жүк тасымалы жобасы. Жоба шеңберінде маршруттың жекелеген учаскелері екі елдің аумағында пилотсыз режимде еңсерілді. Тасымал бір мезгілде Мәскеу – Астана және Астана – Мәскеу бағыттары бойынша ұйымдастырылды.

Екі елдің көлік ведомстволары мен КАМАЗ компаниялар тобы бірлесіп, жүк автокөліктерінің екі астана арасындағы пилотсыз қозғалысын сәтті жүзеге асырды. Алғашқы сынақ рейсі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналып, тараптардың жоғары технологияларға негізделген көлік секторын дамытуға дайын екенін көрсетті.

Сынақ сапары барысында мамандар пилотсыз жүйелердің жұмыс істеуіне қатысты негізгі көрсеткіштерді жан-жақты тексерді. Атап айтқанда, маршрут бойындағы байланыс сапасы, жолдың цифрлық көшірмесінің дәлдігі және байланыс жоғалған жағдайдағы көліктің әрекеті сараланды. Бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақ аясында пилотсыз тасымалдарды құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған үйлестірілген заңнамалық негіз қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болды.

Пилотсыз технологиялар көлік саласын қауіпсіздік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оның басты артықшылықтарының бірі – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып саналатын адами фактордың әсерін барынша азайту.

Сонымен қатар жоба жаһандық логистика саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жүк көлігі жүргізушілерінің тапшылығына технологиялық тұрғыдан жауап береді. Орта есеппен жүргізуші тәулігіне шамамен сегіз сағат көлік тізгіндей алса, пилотсыз көлік құралдары іс жүзінде тәулік бойы жұмыс істеуге қабілетті. Бұл тасымал өнімділігін едәуір арттырып, орындалатын рейстер санын бірнеше есе көбейтуге мүмкіндік береді.

Үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігі, жоғары дәлдік пен қауіпсіздіктің күшейтілген деңгейі заманауи логистиканың жаңа стандартын қалыптастырып отыр. Дәл осы артықшылықтар көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тасымал көлемін ұлғайтуға және Еуразия кеңістігінің транзиттік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Жоба аясында пилотсыз жүк көліктері шамамен 3000 шақырымдық бағытты екі тәулік ішінде жүріп өтті. Нәтижесінде жол жүру уақыты екі еседен астам қысқарды. Сонымен бірге пилотсыз технологияларды енгізу пайдалану шығындарын төмендетуге, бос тұрып қалу уақытын азайтуға және халықаралық тасымалдардың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба алдағы уақытта кең ауқымда дамытуға болатын әлеуеттің жоғары екенін көрсетті. Қазіргі кезде тараптар пилотсыз тасымалдарды кеңінен енгізуге қажетті институционалдық негіздер мен инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстарын бастап кетті.

Бүгінде біз тек жаңа технологиялардың енгізілуін ғана емес, халықаралық пилотсыз тасымалдардың дамуының жаңа дәуірінің басталуын да көріп отырмыз.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.