Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қорғаныс министрлігі әскери қызметке өтініш беруді жеңілдететін портал ұсынды

Қорғаныс министрлігі әскери қызметке өтініш беруді жеңілдететін портал ұсынды

89

Қорғаныс министрлігі жаңа MyArmy.kz сервисін таныстырды. Енді азаматтар келісімшарт бойынша қызметке құжаттарын әскери комиссариаттарға бармай-ақ онлайн рәсімдей алады.

Порталда қажетті барлық қызмет топтастырылған. Мұнда өтініш беруге, жиі қойылатын сұрақтардың жауабын табуға, армия жаңалықтарымен танысуға және кері байланыс жасауға болады. Әрбір кезең онлайн тіркеліп отырады. Мысалы, берілген өтінішке «құрылды», «қаралуда» немесе «қабылданды/қабылданбады» деген мәртебе беріледі. Осы арқылы әскерге шақырылушы құжаттарының қай сатыда тұрғанын уақытылы бақылап, келесі қадамға дайындала алады.

Жоба SARBAZ+ пилоттық бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта ол Алматы облысындағы әскери бөлім мен Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде сынақтан өтуде. Егер жоба сәтті болса, ол Қарулы күштердің өзге бөлімдеріне де енгізілмек.

Министрліктің мәліметінше, MyArmy.kz бюрократиялық рәсімдерді азайтып қана қоймай, әскери қызметті барынша ашық әрі қолжетімді етеді. Алдағы уақытта портал арқылы азаматтар өз мамандығына және болашақтағы мансаптық жоспарына сай әскери бөлімді таңдау мүмкіндігіне ие болады.

Бұл қадам елдің қорғаныс саласын цифрландыруға және әскерге шақырылушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.