Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында цифрлық технологиялар күнделікті өмірді түбегейлі өзгертуде. Қыздыру қазандықтары өз ақауларын дер кезінде хабарлайды, жол жөндеу мен қоқыс шығару жұмыстары ашық көрінеді. Тұрғындардың барлық өтініштері, соның ішінде 109 нөмірі мен әлеуметтік желілер арқылы келген хабарламалар бір орталықта жинақталып, өңделеді.
Бұл – өңірдің жаңа цифрлық шындығы. 2025 жылы іске қосылған жобалар мен олардың әрі қарай дамуы туралы Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және мұрағат ісі басқармасының басшы орынбасары Арнұр Сапарғалиев YK-news.kz порталына баяндады.
Облыс жасанды интеллект пен ірі деректерді тиімді қолдана отырып, күнделікті процестерді ақылды басқару жүйесіне айналдырып келеді. Қазір өңірде 64 цифрлық реестр және білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, туризм сияқты негізгі салалар бойынша 96 автоматтандырылған есеп бар.
Барлық ақпарат Әкімнің ситуациялық орталығына жинақталады, мұнда сандар шешім қабылдаудың негізгі құралына айналады. 2000-нан астам маман деректерді өңдеуге тартылған, ал бірыңғай аналитикалық платформа өңірдегі жағдайды нақты уақыт режимінде толық көрнекі түрде көрсетеді.
«Біз мемлекеттік органдардың жұмысын ашық етіп, тұрғындардың өмірін ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге ұмтылдық.Осы мақсатта 2025 жылы Аймақтық аналитикалық орталық құрылды. Ол барлық салалар деректерін бір жүйеге біріктіреді. Қазір орталықта алты негізгі бағыт жұмыс істейді: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, тұрғындардың өтініштерін талдау, қауіпсіздік, экология және білім беру»., — дейді Арнур Кайратұлы.
Тұрғын үй-коммуналдық салада қоқыс шығару мен жолдарды тазалау толық цифрлық бақылауға алынған.
«Біз арнаулы техниканың маршруттарын цифрлық жүйеге енгіздік және фототүсірілім арқылы есеп жүргіземіз. Бұл жұмыстардың толық көлемде орындалғанын көрсетеді. Қазір мониторинг 52 бірлік арнайы техниканы қамтиды. Пилоттық жобада 50 қоқыс алаңы QR-код арқылы цифрланды. Бұл тұрғындарға алаңдағы код арқылы пікір қалдыруға мүмкіндік береді. Егер қар тазаланбаса немесе қоқыс шығарылмаса, жүйе кестеден ауытқуларды тіркеп, кемшіліктерді жасыру мүмкін емес», — деп түсіндірді Арұр Сапарғалиев.
Энергетика саласы да қатаң бақылауда. 23 нысанға (қыздыру қазандықтары, жылу электр орталықтары) датчиктер орнатылған. Олар әр минут сайын температураны, қысымды, судың ағынын және отын қорын тіркейді. Жасанды интеллект кез келген ақауды бірден хабарлайды. Бұл апат қауіпін азайтып, жылуды үнемдеуге және жөндеу шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Тұрғындардың өтініштері барлық байланыс арналарынан, яғни 109 нөмірі, әлеуметтік желілер және басқа платформалардан виртуалды ассистент арқылы жинақталып, талданып, топтастырылады. Жасанды интеллект хабарламалардың мазмұнын саралап, қайталануларды анықтап, ұқсас өтініштерді біріктіреді. Әлеуметтік желілерді талдау проблемалық аймақтарды, өзекті мәселелерді нақты уақыт режимінде анықтауға және өтініштерді маңыздылығы мен шұғылдылығына қарай бөлуге мүмкіндік береді.
Тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі де цифрлық технология арқылы бақыланады. 6000-нан астам камера, оның ішінде 300 видеоталдау мүмкіндігі бар камера көшелердегі жағдайды бақылап, ықтимал қауіптерді алдын ала анықтайды. Камералар адам бетін, автокөліктер нөмірін және күдікті әрекеттерді таниды, бұл заң бұзушылықты тіркеумен қатар, қауіптерді болжауға мүмкіндік береді.
« Қазіргі таңда қылмыстық жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және төтенше жағдайлар туралы ақпаратты біріктіретін кешенді ақпараттық панельдер әзірленуде.Жүйе әлеуетті қауіптерді орталықтан бақылауға және дағдарыс кезінде басқаруды үйлестіруге мүмкіндік береді», — деді басқарма орынбасары.
Ауа сапасын бақылау жобасы нақты уақыт режимінде деректер алуға, жоғары ластануларды тіркеуге және өнеркәсіп, тұрғын аудандары, автокөліктер мен қыздыру қазандықтарының үлесін объективті бағалауға мүмкіндік береді. 45 шағын аймақ пен 7 өнеркәсіптік аймақта автоматтандырылған посттар жұмыс істейді.
Бұл деректер негізінде мектептерді қашықтан оқытуға көшіру сияқты шешімдер қабылдауға болады.
«Қазіргі уақытта мониторинг посттарының деректері жасанды интеллект арқылы автоматты түрде талдануда.Келесі қадам — өнеркәсіптік кәсіпорындардың бақылау құрылғыларын бір жүйеге қосу. Бұл біріктірілген бақылау жүйесін қалыптастырып, қауіпті жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді,» — деді Арнур Сапарғалиев.
Цифрландыру білім беру саласына да жетті. Біріккен кітапхана құрылып, оқушылар оқу материалдарына, әдістемелік және мәдени ресурстарға, соның ішінде сирек кездесетін кітаптар мен архив құжаттарына қол жеткізе алады. Бұл қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алу айырмашылығын азайтып, балалардың цифрлық дағдыларын дамытып, емтиханға дайындықты жеңілдетеді.












