Алматыда білім беру мекемелерін қауіпсіздік құралдарымен және заманауи цифрлық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталған үш жылдық кешенді бағдарлама аяқталды. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы.
Спикердің айтуынша, бүгінде қаладағы барлық мемлекеттік мектептер (216) мен балабақшалар (196) толықтай бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, өрт дабылы жүйелерімен жабдықталған.
«Қала бойынша 21 106 бейнекамера орнатылды: оның 12 450-і мектептерде, 8 656-ы балабақшаларда. Әрбір нысанда бір-бірден дабыл түймесі бар – жалпы саны 412 құрылғы. Мектептерде – бақылау жүйелері, балабақшаларда – домофон орнатылды. Сонымен қатар, барлық нысандар өрт дабылы құрылғысымен қамтылған», – деді Сайфеденов.
Бұдан бөлек, Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында Алматыда 2025 жылға дейін 75 жаңа пәндік кабинет сатып алу жоспарланған. Оның ішінде химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинеттері бар. 4 тамыздағы жағдай бойынша 41 кабинет толық орнатылып, қолданысқа берілді, 24-і жеткізілу үстінде, 10-ы бойынша байқау жүргізілуде.
Қазіргі таңда Алматы мектептерінде 1 095 пәндік кабинет бар, соның 991-і жаңа үлгідегі. Бұл – барлық кабинеттердің 90,5%-ын құрайды және ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
Барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Талшықты-оптикалық желі орнатылуының арқасында еліміздегі әрбір мектеп 100 Мбит/с жылдамдықпен ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл қадам білім беру процесін цифрландыруға, қашықтан оқытуды дамытуға және оқушылардың заманауи білімге қолжетімділігін арттыруға жол ашады.
Интернеттегі қауіпсіздікті арттыру үшін CGNAT жүйесі енгізілді. Ол заңсыз, экстремистік және өзге де зиянды ресурстарға қолжетімділікті тиімді шектейді.
«Қауіпсіздік пен цифрландыруды қамтитын бұл кешенді жұмыс Алматыны заманауи әрі қорғалған білім беру ортасын қалыптастыруда ел бойынша алдыңғы қатарға шығарып отыр», – деп түйіндеді басқарма басшысы.