Home Ақша Қазақстанда тауар бағасын бақылаудың жаңа цифрлық жүйесі енгізіледі

Қазақстанда тауар бағасын бақылаудың жаңа цифрлық жүйесі енгізіледі

14

Қазақстанда сауда саласында цифрландыру қарқыны артып келеді. Алматыда өткен HomeTech & Electra 2025 халықаралық көрмесінде мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері тауар айналымын, электронды сауданы және өнеркәсіпті цифрлық негізде дамыту мәселелерін талқылады.

Индустрия және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаевтың айтуынша, елде ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Ол әрбір кәсіпорынның даму деңгейін, өндіріс үдерісін және Индустрия 4.0 технологияларының енгізілуін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

«2026 жылдан бастап отандық тауар өндірушілердің бірыңғай цифрлық тізілімі іске қосылады. Бұл жүйе бұрынғыдай СТ KZ сертификатына сүйенбейді, әр өндірістің нақты не шығарып жатқанын және оның деңгейін автоматты түрде көрсетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып, бағаның төмендеуіне ықпал етеді», – деді Сүйінбаев.

Сонымен қатар, E-License жүйесі жасанды интеллектінің көмегімен экспорт пен импортты бақылауды күшейтті. Бұл Қазақстанға әкелінетін және елден шығарылатын жабдықтарды тиімді қадағалауға жол ашады.

Сауда саласында да өзгерістер күтіліп отыр. Коммерциялық желілердің көпшілігі қазірдің өзінде онлайн-саудаға бет бұрған. Алайда, Коммерция комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Епбаева атап өткендей, B2B сегменті (бизнес – бизнеске) толық қамтылмаған.

«Қазір B2B маркетплейстерін құру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл арқылы компаниялар қажетті өнімді көтерме түрде онлайн сатып ала алады. Алдымен аграрлық өнімдер саудасы іске қосылмақ. Мұндай жүйе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, маусымаралық кезеңде тапшылық пен дүрбелеңнің алдын алуға көмектеседі», – деді ол.

Министрлік сонымен бірге ұлттық тауар каталогын әзірлеп жатыр. Жаңа жүйе барлық бар каталогтар мен классификаторларды біріктіріп, тауарларды қадағалау мен талдауды жеңілдетеді.

Цифрландырудың мұндай қадамдары, сарапшылардың айтуынша, елде әділ сауда жүйесін қалыптастыруға, логистиканы жетілдіруге және бағаны бақылауға тың серпін береді.