Биыл Астана қаласы жас инженерлер мен бағдарламашылардың басын қосқан ірі алаңға айналды. Infomatrix Asia 2026 халықаралық олимпиадасы қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты. Гонконг, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Танзания, Үндістан, Уганда, Кипр, Солтүстік Македония, Таиланд, Мозамбик және басқа да елдерден келген 250-ден астам команда жасанды интеллект, робот техникасы және цифрлық шығармашылық бағытында мыңнан астам жобасын ұсынды.
Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша сынға түсті. Олардың қатарында жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалау, хакатон форматындағы жобалар, құрылғыларды басқару, қолданбалы ғылым, компьютерлік графика мен жасанды интеллект өнері, Arduino платформасындағы әзірлемелер және робот футболы бар. Сонымен қатар жекелеген аталымдарда қысқаметражды фильмдер мен стартап жобалар ұсынылды.
Қарағанды облысының намысын бұл додада Назарбаев Зияткерлік мектебі, «ОЗАТ» мамандандырылған IT-лицейі, «Білім-Инновация» лицейі, Ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандандырылған лицей, «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты және «Мұрагер» лицейінің оқушылары лайықты қорғады.
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сыныптың бес оқушысы олимпиадаға қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалау бағыты бойынша бірінші орынды Ерасыл Әбеуов иеленді. Ол жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып әзірлеген өз MVP бағдарламасын ұсынды.
Оқушының айтуынша, мұндай байқауға қатысу ерекше маңызды. Бұл алаңда әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған тың идеялары бар жас зерттеушілер тоғысады. Өзара тәжірибе алмасу жаңа жобаларға серпін береді. Мұндай ортада мақсатшыл әрі жаңашыл ойлайтын жандармен жүздесу сирек кездесетін мүмкіндік.
Аймақ қоржынына тағы бір алтын жүлдені «ОЗАТ» мамандандырылған IT-лицейінің оқушысы Мансұр Ноғаев салды. Ол құрылғыларды басқару бағыты бойынша MiniFab жобасымен жеңімпаз атанды.
Жас өнертапқыштың түсіндіруінше, роботтандырылған автоматтандыру жүйелері ұзақ уақыт бойы бір қағидаға сүйеніп келеді. Яғни оператор нақты координаттарды белгілеп, берілген командаларды қайталайды. Бұл тәсіл дәл болғанымен, икемсіз және уақытты көп талап етеді. Ал MiniFab жобасы осы мәселені шешуге бағытталған. Жүйе камералармен, манипулятормен және арнайы басқару құрылғысымен жабдықталған. Ең бастысы, оны бағдарламалау дағдылары жоқ адамдар да пайдалана алады. Жүйені үйрету үшін бірнеше ондаған мысалды көрсету жеткілікті. Адам қозғалысты үшөлшемді басқару құралы арқылы көрсетеді, ал нейрожелі күрделі әрекеттерді өздігінен орындауға бейімделеді. Бұл жүзеге асқан жасанды интеллект технологиясының арқасында мүмкін болып отыр, ол роботқа нақты ортадағы жағдайды қабылдап, соған икемделуге жол ашады.
Сондай-ақ Ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы Ясмин Сейфуллина компьютерлік графика және жасанды интеллект өнері бағыты бойынша алтын медаль иеленді. «Мұрагер» лицейінің оқушысы Санжар Сәрсембаев та жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Күміс жүлдені Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жанерке Екпын мен Наймулуна Жанабекова иеленді. Олар жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалау бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Абылай Қадырбек, Арманай Малиева және Нұрай Талғатбек, сондай-ақ «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Алинзар Ерболат, Ілиям Сабыр және Ерасыл Бекболатов күміс медальға қол жеткізді.
Қола жүлде «ОЗАТ» IT-лицейінің оқушылары Азамат Әлиханов пен Алдияр Қакимжанға, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Еркеназ Қажыахметова мен Медина Маратқа бұйырды. «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Мадияр Ізбасар, Сабина Мұратқызы және Қуаныш Мухаммеджан жүлдегер атанды.












