Home Техника Автокөліктер Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

31

Электромобильдер нарығындағы соңғы жаңалықтар бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі түрлі көріністі бейнелейді. Алдымен пессимистік болжамдарға тоқталайық. General Motors компаниясы 2024 жылдың ортасына дейін 400 мың электромобиль шығару жоспарын доғарды. Бұл шешімге тұтынушылар тарапынан төмен сұраныс пен жобаның шығынды болуы әсер етті. Сонымен қатар компания жаңа модельдерді нарыққа шығаруды да кейінге қалдырып отыр.

Volkswagen де қиындыққа тап болды. 2023 жылдың қазанында компания Цвиккау мен Дрездендегі зауыттарында ID.3 үлгісінің өндірісін уақытша тоқтатты. Екі жыл бұрын бұл зауыттар электромобильдік болашақтың тірегі ретінде кеңінен насихатталған еді. Енді Цвиккаудағы қызметкерлер қысқартуға ұшырамақ.

Ford компаниясы электромобильдерге бөлінбек болған 12 миллиард долларлық инвестициясынан бас тартты. Сондай-ақ, F-150 Lightning көлігінің өндірісін үш ауысымнан екі ауысымға қысқартып, 2023 жылы электромобильдер бағыты бойынша 4,5 миллиард доллар шығынға ұшырауды болжап отыр.

GM мен Honda арасындағы, өндіріс шығындарын қысқартуды көздеген серіктестік те сәтсіз аяқталды. Тіпті Илон Масктың өзі Мексикада жаңа зауыт салу жоспарын уақытша тоқтатқан.

:2023 жылдың басында көліктердің дилерлерде тұру уақыты 36 күн болса, қыркүйекте бұл көрсеткіш 80 күнге жеткен. Акумулятор өндірушілер де алаңдаулы. LG компаниясы 2024 жылы электромобильдерге деген сұраныс сарапшылар болжағандай болмайтынын ескертті. Ал аккумулятор нарығында көш бастап тұрған CATL компаниясы үшінші тоқсанда соңғы екі жылдағы ең баяу табыс өсімін көрсетті. Panasonic те бұл кезеңде өндіріс қарқынын төмендетуге мәжбүр болды.

Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

Мұндай қорытынды жасауға әлі ерте. Өйткені нақты сандарға көз салсақ, электромобильдер нарығы керісінше, қарқынды өсіп жатыр. Мәселен, тамыз айында әлем бойынша электромобиль сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға артқан. Қытайды айтпағанда — ол жақта бұл көліктер әлдеқашан күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды, қосылатын үлгілер бүкіл нарықтың 37 пайызын иемденіп отыр. АҚШ-та биылғы үшінші тоқсанда өсім 50 пайызға жетсе, Еуропада алғашқы жартыжылдықта 34 пайыздық өсім тіркелген. Ал Tesla Model Y 2023 жылдың ең көп сатылған көлігі атануға жақын, ол тіпті бензинмен жүретін көліктерді де басып озуы мүмкін.

Индустрияны екі түрлі қырынан бағалауға тырысып көрелік. Бүгінгі дағдарыс ең алдымен америкалық автоконцерндерге әсер етіп отыр. Әсіресе, дәстүрлі өндіріс алыптары — GM мен Ford ең көп қиындық көріп жатқандай. Бірақ олардың жағдайын бүкіл саланың айнасы деуге бола ма?

Олай деуге бола қоймас. Себебі Ford қосылатын көлік өндірушілердің әлемдік рейтингінде тек 19-орында тұр. Ал GM-нің ешбір бренді үздік жиырмалыққа да кірмеген. Яғни, бұл екі компанияның тоқырауын саладағы жалпы құлдырау емес, олардың нарықтағы әлсіз позициясы деп түсінген жөн.

Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

Электромобиль саласында Илон Масктың Tesla компаниясы әлі де жетекші рөл атқарып отырғанымен, соңғы уақыттағы трендтер бұл үстемдіктің әлсірей бастағанын көрсетіп отыр. Компания 2023 жылы 1,8 миллион көлік шығаруды көздеп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19% өсім. Бірақ бұл өсім бұған дейін жарияланған жылдық 50% қарқынмен салыстырғанда айтарлықтай баяу.

Мәселен, АҚШ-та биылғы үшінші тоқсанда Tesla-ның электромобиль нарығындағы үлесі 50%-ға дейін түсті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 65% болған. Бұл айырмашылық бәсекелестіктің күшеюімен тікелей байланысты. Тек 2023 жылы АҚШ нарығына 14 жаңа электромобиль моделі шықты. Мұндай қысым Tesla компаниясын бағаны төмендетуге және инвестициялық жоспарларға мұқият қарауға мәжбүр етуде. Ал 2024 жылы бұл нарықтағы жаңа ойыншылар саны бұдан да көп болады деп күтілуде.

Tesla үшін аса маңызды екінші нарық — Қытай. Алайда бұл жерде де компания басымдыққа ие емес. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Tesla-ның үлесі бар болғаны 5,8%-ды құраса, 2021 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 9% болған. Мұнда да себеп — күшейіп келе жатқан бәсекелестік. Tesla-ның Model 3 жаңартылған нұсқасын шығаруға дайындалуы да сатылымның баяулауына әсер еткен фактор.

Аккумуляторлар нарығындағы өзгерістер де электр көліктерінің болашағына тікелей әсер етеді. Мәселен, саланың ірі ойыншысы саналатын CATL компаниясының нарықтағы үлесі небәрі бір тоқсан ішінде 45 пайыздан 39 пайызға дейін төмендеген. Ал бұл уақытта BYD мен CALB секілді басқа қытайлық компаниялар керісінше, өз позицияларын күшейтіп келеді.

Қытайда аккумулятор өндірісі қазір инвестицияның жаңа толқынын бастан өткеруде. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылға қарай елдің жылдық өндірістік қуаты 4800 гигаватт/сағатқа жетпек. Соның салдарынан нарықта ұсыныс сұраныстан асып кетіп, қатаң бәсекелестік пен баға соғысына жол ашуы мүмкін.

Ал Еуропада, яғни, нақтырақ айтқанда, Германияда, Volkswagen Group электромобиль нарығында үшінші орынды иеленгенімен, сату көлемі көбіне корпоративтік клиенттерге байланысты болған. Қыркүйек айынан бастап заңды тұлғаларға арналған мемлекеттік субсидия тоқтатылып, 3–4,5 мың еуролық жеңілдік тоқтатылды. Бұл жағдай Цвикаудағы зауытқа ауыр соққы болды. Зауыттағы жұмысшылардың көпшілігі қысқартылуда. VW енді өндірісті Қытайға көшіруді жоспарлап отыр. Көліктерін Қытайдан Еуропаға экспорттау арқылы компания шығынды оңтайландырмақ.

Алайда бұл жоспардың жолын Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің Қытайдан әкелінетін электромобильдерге қарсы бастамасы бөгеуі мүмкін. Бұл әрекет сауда саласында жаңа қақтығысқа түрткі болып, нарықтағы ахуалды күрделендіруі ықтимал.

Электромобиль нарығына төнген ең үлкен қауіп – бұл жоғары пайыздық мөлшерлемелер. Электромобильдердің орташа бағасы қымбат болғандықтан, тұтынушылардың көлік сатып алу мүмкіндігі тікелей несиелік жағдайларға байланысты. Ал пайыздық мөлшерлемелердің өсуі сұранысты бәсеңдетіп жатыр. АҚШ-та автонесиелер бойынша пайыздар жоғары деңгейде қалып отыр, бұл нарыққа қысым түсіруде.

Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

Қазір жаһандық экономика түрлі салаларда баяу қарқынмен дамып келеді. Бұл үрдіс әсіресе Еуропада айқын сезілуде. Аймақ төрт тоқсан қатарынан рецессияның табалдырығында тұр. Автокөлік нарығын әзірге пандемия кезінде жиналған сұраныс, жұмыссыздықтың тарихи төмен деңгейі және жалақы өсімінің әлі де жалғасып жатқаны сынды факторлар демеп тұр. Алайда экономикалық өсім тоқтаған жағдайда мұндай тепе-теңдік ұзаққа созылмауы мүмкін.

АҚШ-та жағдай сәл тұрақтырақ. Мұнда да тұтынушыны еңбек нарығының қарқыны демеп тұр, әрі экономиканың өзі де әлі де өсіп келеді. Жағдайдың инерциясы бар, бірақ бұл динамика тағы бір жылға жетеді деп ешкім нақты кепіл бере алмайды.

Электромобильдер дәуірі: өрлеу ме, әлде тоқырау ма?

Қорыта айтқанда, пессимизмге себеп жоқ емес. Бірақ жағдайға ең көп алаңдайтындар – электромобиль бағыты мүлде жүрмей жатқан немесе бұрын жеңіл жолмен жеткен үлесінен айырылып бара жатқан компаниялар. Ал қалғандары үшін бұл – күрес уақыты. Олар тісін тісіне басып, нарықтағы орнын сақтап қалуға тырысуда. Не болса да, қазіргі қатаң бәсеке ең алдымен тұтынушыға тиімді. Ең бастысы – сол тұтынушының үміті мен сенімі ұзақ сақталса екен.

giovanni1313