Home Технологиялар Ғаламтор және желі 1 маусым – тек мереке емес, онлайн қауіпсіздік жайлы ойланатын күн

1 маусым – тек мереке емес, онлайн қауіпсіздік жайлы ойланатын күн

6

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн жыл сайын баланың амандығы мен құқықтарын қорғаудың маңызын еске салып отырады. Бүгінде баланы тамақтандырып, киіндіріп, мектепке жіберіп қана қоймай, оның өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау – әрбір ата-ананың, қоғамның ортақ міндеті. Бұрын қауіпсіздік десе, ең алдымен үй, көше мен мектеп еске түсетін. Енді бұл қатарға интернет кеңістігі де қосылды.

Қазір балаға қауіп сырттан емес, дәл үй ішінде, бөлменің ішінде отырып-ақ төнуі мүмкін. Әсіресе жаз мезгілінде, мектеп демалыста, ал ата-ана жұмыста жүргенде, балалар интернетте сағаттап уақыт өткізеді: ойнайды, бейнеролик көреді, бейтаныс адамдармен тілдеседі. Дәл осы кезеңде олар кибералаяқтардың оңай олжасына айналуы мүмкін. Онлайн ойындар, күмәнді сілтемелер, мессенджердегі «жаңа достар» – бәрі де тек моральдық емес, қаржылай шығындарға да әкеліп соғуы ықтимал.

Зерттеулерге сенсек, жасөспірімдердің 73 пайызы смартфонсыз өмірін елестете алмайды, ал олардың тең жартысы тіпті ұйықтағанда да телефондарын қастарына қояды. Ал интернетте жүрген балалардың шамамен 40 пайызы өздері байқамай, жеке деректерін – мекенжайы, аты-жөні, отбасы туралы ақпаратты жария етіп жатады. Сондықтан бүгінгі күні бала қауіпсіздігі туралы айту – ең алдымен, олардың онлайн кеңістіктегі қорғалуын қамтамасыз ету деген сөз.

«Бала интернетте тым көп отырады» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ бұл тек жай алаңдаушылық па, әлде терең түсінікке негізделген сақтық па? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін біз 12 жастағы ұлдың анасы Айжамалмен сөйлесіп көрдік.

1 маусым – тек мереке емес, онлайн қауіпсіздік жайлы ойланатын күн

— Балаңыздың интернетте көп уақыт өткізуіне қалай қарайсыз? Бұл сізді алаңдата ма, әлде пайдалы жағын көбірек байқайсыз ба?

— Қазір интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Баланы одан мүлде алшақ ұстау мүмкін емес екенін түсінемін. Қайта керісінше, пайдалы жағы да бар: мектеп тапсырмасына керек ақпаратты іздейді, жаңа дүниелерді үйренеді. Дегенмен, көңілімде алаң бар. Қауіп-қатер де аз емес – дөрекі сөздер, агрессияға толы бейнелер, арбаушылар мен алаяқтар жетіп артылады. Сондықтан тек шектеу қоюмен шектелмей, баламен ашық сөйлесуге тырысамын. Қай кезде сақ болу керек, ненің артында қауіп жасырынып тұруы мүмкін екенін бірге талқылаймыз.

— Балаңызбен интернеттегі қауіпсіздік жайлы сөйлесіп тұрасыздар ма? Жеке ақпаратты жарияламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бөтен адамдармен араласпау керек екенін біле ме?

— Иә, бұл тақырыпты жиі қозғаймыз. Мұндай әңгімені «үгіт-насихат» түрінде емес, шынайы, сенімге негізделген әңгіме етіп өткізуге тырысамын. Мысалға сүйеніп түсіндіремін. Жалған ұтыс ойындары, күмәнді хаттар немесе SMS-код сұрау сияқты жағдайлардың астарында қандай қауіп тұрғанын айтып отырамын. Ең бастысы – бала кез келген жағдайда ойланып, «Бұл кім? Маған не үшін жазып отыр? Неге бұл деректі сұрап отыр?» деп сұрақ қоя білсе деймін. Автоматты түрде әрекет етіп, алданып қалмауы үшін.

— Балаңыздың интернеттегі қауіпсіздігі үшін қандай нақты қадамдар жасап отырсыз? Ата-аналық бақылау бар ма? Уақыт шектеуін қоясыз ба? Контентті қадағалайсыз ба?

— Иә, біз ата-аналық бақылау жүйесін орнаттық. Бала қандай сайттарға кіргенін, қандай қосымшалар жүктегенін көріп отырамын. Интернетке кіру уақыты да шектелген – менің гаджетке қарсы екенімнен емес, жай ғана баланың демалып, қозғалуға, офлайн араласуға да дағдылануы қажет екенін білемін. YouTube пен TikTok-та не көріп жүргенін өзім қарап, кейде екеуіміз бірге көріп, талқылап отырамыз. Бұл балаға «ата-анам мені аңдып отыр» деген ой емес, керісінше «шын мәнінде менің қызығушылығыма бей-жай қарамайды» деген сенім ұялатады. Ал маған оның неге қызығып жүргенін түсінуге көмектеседі.

Кейіпкеріміздің бұл әңгімесі қазіргі ата-аналар үшін маңызды бір шындықты аңғартады. Баланы цифрлық кеңістікте қорғау тек сүзгілер мен шектеулер қоюмен шектелмейді. Бұл – ең алдымен сенім, сергектік және үнемі баланың жанында болу деген сөз. Бірақ ашық әңгімеден бөлек, нақты әрекеттер де қажет.

Бала интернетте өзіне сенімді әрі қауіпсіз сезінуі үшін мына қарапайым ережелерді есте ұстаған жөн:

  • Интернетке қосылатын уақытты, әсіресе кешкі сағаттарды шектеңіз. Бұл тек зиянды мазмұннан емес, ұйқы сапасын бұзатын әсерлерден де сақтайды;
  • Құпиясөз – жеке ақпарат. Оны тіпті жақын достарға да айтуға болмайтынын балаға түсіндіріңіз;
  • Бала пайдаланатын барлық құрылғыға антивирустық бағдарлама орнатыңыз. Сонымен қатар, бейтаныс сілтемелер мен файлдарды ашуға болмайтынын да үйретіңіз;
  • Арнайы сүзгілеу жүйелерін – DNS-фильтрлерді іске қосыңыз. Бұл қажетсіз мазмұннан автоматты түрде қорғайды және баланы үнемі бақылап отырудың қажеті болмайды.
  • Банк саласының тәуелсіз сарапшысы Нұржан Бияқаев онлайн сауда жасауға қатысты өз пікірін білдірді.

«Интернет арқылы төлем жасау үшін жеке есепшот ашып, оны арнайы банк картасына байланыстырып қою керек. Егер белгілі бір сомаға сауда жасайын деп отырсаңыз, сол шектеулі қаражатты басқа картадан аударып қойған жөн. Сауда аяқталған соң, лимитті жауып тастауды да ұмытпаған дұрыс. Бұл қаражаттың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі»,- деп атап өтті маман.

1 маусым – тек мереке емес, онлайн қауіпсіздік жайлы ойланатын күн

Балаларды цифрлық кеңістікте қорғау – бір күндік шара емес. Бұл тек мамандар мен мектептердің емес, ең алдымен ата-ананың күнделікті жауапкершілігі. 1 маусым – Балаларды қорғау күні бізге бір нәрсені тағы еске салады: баланың қауіпсіздігі тек денсаулығы мен физикалық қорғанысы ғана емес, интернеттегі амандығы да. Өйткені виртуалды әлем – олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бала еркін, қызығушылығы жоғары әрі өзіне сенімді болып өсуі үшін біз тек білім беріп қана қоймай, интернетте де сауатты, абай болуды үйретуіміз керек.