Оқу – ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова Сенаттағы пікірталастар кезінде балалардың сабақ кезінде телефон пайдаланбауының себептерін түсіндірді. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқушыларға оқу процесінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған норма бар.
«Осы норманың аясында ата-аналардың да жауапкершілігі қарастырылған. Яғни, егер оқушы оқу барысында телефон қолданса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін. Бірінші рет ескерту жасалады, ал кейінгі ретте айыппұл салынады — 5 МРП, яғни 19 660 теңге», – деп түсіндірді Майра Мелдебекова.
Еске сала кетейік, бұған дейін сарапшылар мен депутаттар Қазақстанда ата-аналар балалардың мектепте телефон қолдануына байланысты айыппұл төлей алатыны жөнінде өз пікірлерін білдірген болатын.












