Home Технологиялар Ғаламтор және желі Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

8

Жарық. Камера. Көпшіліктің шынайы ықыласы. 7 маусым күні Алматы қаласының дәл жүрегінде орналасқан SmArt Space алаңында ASUS компаниясы ерекше форматтағы кездесу өткізді. Жиын бір сәтте ресми таныстырылымнан әсерлі шоуға ұласып, ешкімді бейжай қалдырмады.

ASUS бұл шарада COMPUTEX 2025 көрмесінде таныстырылған жыл жаңалықтарымен бөлісті. Кеш барысында арнайы қонақтар арасында ойын компьютері ойнатылды. Сонымен қатар, қатысушылардың белсенділігі ескеріліп, шағын, бірақ есте қаларлық сыйлықтар да табысталды.

Бұл шолуда біз сіздерге тек маңызды жаңалықтарды ғана емес, ASUS ұсынған кештің ерекше атмосферасын да жеткізгіміз келеді.

Жаңа өнімдердің қатарында – екіге бөлінетін пернетақта, өте жеңіл ойыншыға арналған тінтуір, жиілігі 610 Гц болатын монитор, сондай-ақ кез келген ноутбукті толыққанды компьютерге айналдыра алатын графикалық док-станция бар.

Шараның шарықтау шегі – блогер Максим Якименко (@stupidmadworld) мен ASUS компаниясының аккаунт-менеджері Павел Елагиннің ойын компьютерин бірігіп жинауы болды. Бұл құрылғы кеш соңында ұйымдастырылған ұтыс ойынының жеңімпазына табысталды.

Жаңа өнімдермен ASUS компаниясының ТМД елдеріне жауапты маркетологы Мария Рахманина таныстырды.

Ал енді, жаңалықтардың әрқайсысына жеке тоқталайық…

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – ROG Falcata пернетақтасы. Бұл жай ғана батырмалар жиынтығы емес, керісінше, ойын мен жұмыста қолыңызға сенімді серік болатын құрал. ASUS жасаған бұл құрылғы 75% форматына ие ықшам пернетақта болғанымен, ол ойыншы мен кәсіби қолданушының қажеттілігін жақсы түсінеді.

Ең алдымен көзге түсетіні – екіге бөлінген ерекше дизайны. Бұл жай ғана дизайнерлік қиял емес, пайдаланушының жайлылығы үшін ойластырылған нақты шешім. Қолдың еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, тінтуірді ыңғайлы пайдалануға жол ашады. Нәтижесінде қол тез шаршамайды, ал реакция жылдамдығы артып, мәтін теру мен ойын кезінде қимыл жеңілдей түседі.

Пернетақта негізінде жаңа буындағы ROG HFX V2 магнитті қосқыштары қолданылады. Олардың ерекшелігі – әрбір батырманың қозғалыс тереңдігін өзіңізге ыңғайлап баптай аласыз. Бұл көрсеткіш 0,1 мм-ден 3,5 мм-ге дейін, ал дәлдігі – 0,01 мм. Мұндай жоғары деңгейдегі бақылау — кәсіби геймерлер мен мәтінмен көп жұмыс істейтін қолданушылар үшін таптырмас артықшылық.

Пернетақтадағы басқару дөңгелегі — шағын ғана, бірақ өте пайдалы құрал. Оның көмегімен дыбыс деңгейін, жарық мөлшерін немесе пернелердің сезімталдығын бір сәтте реттей аласыз. Ең бастысы — мұның бәрін ойынды немесе жұмысты бөлмей-ақ, тікелей үдеріс үстінде жасауға болады.

Тағы бір маңызды ерекшелік — пернетақтаны бір уақытта үш құрылғыға қосуға болады: компьютер, ноутбук және смартфон. Қай құрылғымен жұмыс істеу керек болса, бір батырмамен жылдам ауысып, еш кедергісіз жалғастыра бересіз.

Пернетақтаның басты артықшылықтарының бірі — қуатының ұзаққа жетуі. Аккумулятор бір рет қуатталғаннан кейін 610 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады. Яғни, бір ай бойы қуат көзіне қоспай-ақ пайдалануға болады. Бұл — әсіресе жол үстінде жиі жүретіндер мен кеңседен тыс ортада жұмыс істейтіндер үшін таптырмас шешім.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Киберспортта шешуші сәтті кейде бір миллисекунд айқындайды. Осы орайда ASUS ұсынған ROG Harpe II Ace — кәсіби ойыншылардың талаптарына сай жасалған, жеңіл әрі өте дәл тінтуір. Оны әзірлеу барысында VALORANT ойынындағы танымал ойыншы Demon1 секілді киберспорт шеберлерінің пікірі ескерілген.

Тінтуірдің салмағы небәрі 48 грамм — қолда сезілмейтіндей жеңіл. Дегенмен, оның корпусы биоматериалдан жасалған берік құрылымға ие. Бұл тінтуірге жеңілдігін сақтай отырып, ұзаққа шыдас беретін төзімділік береді. Яғни, ұзақ ойын барысында сенімді серік бола алады.

Техникалық артықшылықтарының бірі — 42 000 DPI дейінгі ажыратымдылығы бар сенсор мен track-on-glass технологиясы. Соның арқасында тінтуір шыны бетінде де дәл әрі сенімді жұмыс істей алады. Енді арнайы кілемше іздеп әуре болмайсыз, себебі ол кез келген бетте дәлдікпен жауап береді.

Сонымен қатар, ROG SpeedNova 8K технологиясының арқасында сұраныс жиілігі 8000 Гц деңгейіне жетеді. Бұл — кідіріссіз жауап беру, қозғалысты бірден тану, яғни экрандағы әрекет пен нақты қозғалыс арасында дерлік айырмашылық жоқ деген сөз.

Сырғанауға арналған PTFE материалынан жасалған кең негіз тінтуірдің бетпен мінсіз әрі жеңіл қозғалуын қамтамасыз етеді. Ал батырмалары 100 миллион рет басуға есептелген — бұл ұзақ уақыт сенімді қызмет атқаратын техника екенін білдіреді.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Келесі жаңалықты үш-ақ сөзбен сипаттауға болады: әлемдегі ең жылдам монитор! ROG Strix Ace XG248QSG — бұл жай ғана құрылғы емес, нағыз ойыншыларға арналған жаңалық.

Киберойындарда тек компьютердің қуаты ғана емес, экранның жылдамдығы мен анықтығы да шешуші рөл атқарады. ASUS осы талапты ескере отырып, әр кадрды дәл әрі кідіріссіз көрсету үшін арнайы монитор әзірледі. ROG Strix Ace XG248QSG-тің жаңарту жиілігі 610 Гц-ке дейін жетеді (қосымша баптаумен), ал бұл — тіпті ең жылдам көріністердің өзінде бейненің толықтай тегіс әрі үзіліссіз берілуін қамтамасыз етеді. Ал Super TN панелінің жауап беру уақыты — бар болғаны 0,8 миллисекунд. Бұл іс жүзінде көз ілеспес жылдамдық!

Түстердің берілу сапасы да жаңа деңгейге көтерілген. Бояу қанығы артқан, түс ауқымы 20%-ға кеңейген, нәтижесінде сурет нағыз шынайылыққа жақындай түскен. Бұл ойынға толықтай ену үшін өте маңызды.

Бұдан бөлек, ELMB 2 технологиясы қозғалыстың бұлыңғырлығын барынша азайтып, жарықтығын арттырады. Ал G-SYNC, FreeSync Premium және AdaptiveSync сынды заманауи синхрондау жүйелерімен үйлесімділігі — монитордың тағы бір артықшылығы. Яғни, сіз қандай сәтте де жылдам әрі ақаусыз көрініс аласыз.

Монитордың тұғыры да ыңғайлылықты ұмыт қалдырмаған: биіктігі, бұрылу бұрышы мен көлбеулігі реттеледі.Монитордың шағын әрі ойластырылған құрылымы үстел үстінде артық орын алмайды.

ROG XG Station 3 — бұл жылдамдық пен мобильділікті қатар талап ететіндерге арналған шешім. Егер сіз үнемі жолда жүріп, бірақ өнімділіктен бас тартқыңыз келмесе, бұл док-станцияны міндетті түрде ескеруіңіз керек.

Ол кез келген ноутбукты толыққанды ойын немесе жұмыс станциясына айналдыра алады. Thunderbolt 5 интерфейсі мен 80 Гбит/сек өткізу қабілетінің арқасында бұл құрылғы NVIDIA RTX 50 және AMD Radeon RX 9000 сынды қазіргі заманғы видеокарталардың қуатын толық ашады. Яғни, сіз стационарлық компьютер деңгейіндегі өнімділікке қол жеткізесіз.

Құрылғыда төрт USB-C порты бар, оларға геймпадтан бастап сыртқы дискке дейін барлық керек-жарақты қоса аласыз. Қосымша қуат блогы қажет емес — док-станцияның өзі барлық құрылғыны қуаттандырады, бұл сым санын азайтып, жұмыс орнын ретке келтіруге көмектеседі.

Қосып, іске кірісіңіз: ойнаңыз, бейнежазбаны өңдеңіз, 3D-графикамен жұмыс істеңіз. Бұған дейін тек қуатты компьютер ғана істей алатын міндеттерді енді ультрабукпен-ақ оңай атқара аласыз. Бұл — икемділік пен жоғары өнімділіктен бас тартқысы келмейтіндерге арналған нағыз құрал.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Егер сіз өнімділігі жоғары компьютер құрастырып жатсаңыз және бәрінің тек мықты ғана емес, сондай-ақ ұқыпты әрі жинақы көрінгенін қаласаңыз — ASUS BTF 2.5 сіз үшін жасалған шешім.

Жаңартылған бұл экожүйе RTX 50 сериялы жаңа бейнежадыларды қамтиды. Ондағы GC-HPWR деп аталатын алынбалы адаптер арқылы дәстүрлі және BTF форматындағы аналық платаларды бірге қолдануға болады. Яғни, компьютеріңіз тек қуатты ғана емес, ыңғайлы әрі жинақы болып шығады.

BTF жүйесі 1000 Вт-қа дейінгі қуатпен жұмыс істеуге бейімделген, сол себепті ең күрделі жинақтың өзін оңай іске асыруға болады. Бұдан бөлек, жүйе NVIDIA DLSS 4 және жасанды интеллектпен жеделдетілетін заманауи графикалық технологиялармен жабдықталған. Бұл — ойындар мен күрделі қосымшалардың жылдамдығын арттырып, өнімділікті жаңа деңгейге шығарады.

Ең қуантатыны — сымдармен әбігер болудың қажеті жоқ. Барлық элементтер ұқыпты әрі минималистік үлгіде ұйымдастырылған. Нәтижесінде сіз кәдімгі компьютер емес, техникалық мүмкіндігі жоғары, сыртқы көрінісі стильді жүйе аласыз. Бұл — өнер мен технологияның үйлесімі.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

ROG Ryuo IV SLC 360 ARGB – бұл тек сұйық салқындатқыш жүйе емес, жоғары өнімділік пен стильдің үйлесімі. Бұл құрылғы – компьютер ішіндегі нағыз өнер туындысы десе де болады.

Жүйе құрамындағы үш 120 мм желдеткіш тыныш жұмыс істей отырып, жоғары жүктемеде де температураны тұрақты ұстап тұрады. Ал үлкен AMOLED-экраны – жай ғана сәндік элемент емес ,жүйенің күйін, анимацияларды немесе көңілді GIF-терді бейнелеуге арналған жеке интерфейс. Мұның бәрін Armoury Crate қосымшасы арқылы басқара аласыз. Бұл платформа — салқындату, жарықтандыру және жүйені бақылау мүмкіндіктерін бір жерге тоғыстырған ыңғайлы құрал. Оны меңгеру үшін техникалық маман болу да шарт емес — ойын ойнауды ғана жақсы көретін қолданушыға да түсінікті.

Мұндай салқындату жүйесі — жай ғана қажеттілік емес, жеке стиліңіздің бір бөлігіне айналатын құрылғы.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Егер сіз үшін салқындату ғана емес, артық шудың болмауы да маңызды болса, ROG Ryuo 4 MF-12C ARGB — таптырмас таңдау. Бұл жүйе — заманауи дизайнды, RGB жарықтандыруды және үнсіз жұмыс істеуге арналған технологияларды өз бойына сәтті біріктірген салқындатқыш.

Желдеткіштің құрылымы ауа ағынын барынша тиімді бағыттап, дыбысты мейлінше азайтуға бағытталған. Мұндай шешім – тыныш ортада жұмыс істеп, ойын ойнағанды қалайтындар үшін таптырмас мүмкіндік. RGB жарықтандыру құрылғыны тек қуатты ғана емес, визуалды жағынан да тартымды етеді. Өйткені, соңында сіздің компьютеріңіз тек жылдам емес, сонымен қатар стильді де болуы тиіс.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Жаңа өнімдердің арасындағы ең жаңасы — ASUS ROG Rapture GT-BE19000AI роутері. Қазіргі заманда, әсіресе үйде немесе ойын бөлмесінде, интернет – ең маңызды қажеттілік. Ал бұл модель – Wi-Fi 7 қолдайтын қуатты құрылғы, желі жайлы уайымдамау үшін арнайы жасалған.

Бір мезетте 200-ге дейін құрылғыны көтере алады және 3500 шаршы метрге дейінгі аумақты қамтиды. Бұл – үйдегі барлық техника мен отбасы мүшелеріне, тіпті бір командаға жетерлік кеңістік. Әсіресе жеке үйде тұратындар мен саяжайда жиі болатындар үшін өте ыңғайлы.

Жылдамдығы 19 Гбит/с-қа дейін жетеді, бұл ойындарда кідіріссіз жауап беруге және ағынды видеоны кедергісіз көруге мүмкіндік береді. Қауіпсіздікке де баса мән берілген: үш деңгейлі қорғаныс жүйесі мен AiProtection Pro сізді шабуылдар мен бөгеттерден қорғайды. Зияткерлі кедергілерді анықтау жүйесі байланыс сапасын тұрақты ұстап тұруға көмектеседі.

ROG Rapture роутерімен бір рет қосылып, желі туралы ұмытасыз – бар ойыңыз тек ойын мен жұмыста болады. Қалғанын бұл құрылғы өзі шешеді.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Осы жылдың тағы бір жаңалығы – ASUS TUF Gaming BE9400. Бұл маршрутизатор заманауи WiFi 7 стандартына сай жұмыс істейді. Жаңа кең арналар мен MLO деп аталатын ақылды технология арқасында құрылғы бірнеше жиілікті бір мезгілде пайдаланып, сигналды әлдеқайда тұрақты етеді. Нәтижесінде – жылдамдық 9400 Мбит/с-қа дейін жетіп, бірнеше құрылғы қосылғанда да, байланыс үзіліссіз әрі шапшаң сақталады.

Сымды байланыс ұнататындар үшін де шешім бар – бұл модельде төрт бірдей 2.5G порты бар. Олардың барлығы ойын мен тікелей эфирлер кезінде деректерге басымдық беріп, кідіріссіз әрі сапалы байланысты қамтамасыз етеді.

ASUS ойын сүйер қауым жайлы толық ойлаған: жеке ойын порты, бір ғана батырмамен іске қосылатын мобильді ойын режимі және Open NAT арқылы оңай көпойынды баптау мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, желіні түрлі шабуылдардан қорғайтын AiProtection жүйесі орнатылған. Демек, үйіңіздегі интернет пен құрылғылар сенімді қорғалған.

Оған қоса, бұл маршрутизатор ұзақ уақытқа шыдас беретіндей етіп жасалған – қиын сәтте істен шығып, көңілден шықпай қалмайды.

Сондай-ақ, барлық жаңалықтармен танысып болған соң, шараның ең қызық сәтіне – геймерлік компьютерді жинауға да кезек келді. Ол құрылғы осы шараға қатысушылар арасында ойнатылған болатын. Компьютерді бірге жинағандар – блогер Максим Якименко (@stupidmadworld) және Asus компаниясының аккаунт-менеджері Павел Елагин.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Шараның ең әсерлі сәті – қуатты ойын компьютерінің иесі анықталды. Көз алдымызда құрастырылған бұл мықты құрылғы ASUS өнімі туралы креативті видеоролик түсіріп, байқауға қатысқан жеңімпазымыз Әділь Еркебұланға табысталды. Оның жұмысы ерекшелігімен, идеясы және орындалу шеберлігімен көзге түсті. Сондықтан жеңіс еш күмәнсіз болды.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Сонымен, міне ол – керемет ойынға арналған заманауи компьютер!

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Бұл күн ASUS-тың жаңа өнімдерін таныстырумен ғана емес, қуанышты сәттермен, жеңістермен, көңілді сәттермен және алаңда үстемдік еткен шынайы эмоциялармен есте қалды. Көрсетілген құрылғылардың арасында қонақтардың назарын бірден баурап алатын инновациялық әрі әсерлі техникалар аз болған жоқ.

Алматыда ASUS жаңалықтары таныстырылды: технология, тарту мен көтеріңкі көңіл-күй

Шара барысында ASUS қатысушылармен емін-еркін әңгімелесуге арналған жайлы бұрыштар ұйымдастырғаны да ерекше атап өтерлік. Осындай шығармашылық әрі ақпараттық кездесулер шабыттандырып қана қоймай, адамдарды жақындастырады және жаңа әсер сыйлайды.