Қазақстан мен Германия технологиялық ынтымақтастықты бірнеше бағыт бойынша кеңейтіп келеді. Бұл жұмыстарға Германияның ірі компаниялары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары да тартылуда. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады «Сапалы Қазақстан» порталы.
Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысының Германияға жасаған ресми сапары аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясы бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде министрдің бірінші орынбасары Ростислав Коняшкин жасанды интеллект, цифрландыру, телекоммуникациялар, ғылым және стартаптарды дамыту бағыттары бойынша бірнеше меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастық орнатылған серіктестердің бірі – Siemens AG компаниясы. Тараптар цифрлық трансформация саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл ретте Siemens Xcelerator платформасы мен өндіріс саласындағы жасанды интеллект технологияларын пайдалану көзделіп отыр.
Nextcloud GmbH компаниясымен цифрлық егемендік пен ашық бағдарламалық қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастық жөнінде келісім жасалды. Компанияның шешімдері қазіргі таңда Германияның мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылып келеді. Қазақстан мемлекеттік органдарды ашық бағдарламалық қамтамасыз етуге көшіру мүмкіндігін қарастырған кезде Германияның тәжірибесін зерделеуді жоспарлап отыр.
Messe Frankfurt GmbH компаниясымен жасалған меморандум Қазақстандағы халықаралық көрме және іскерлік іс-шаралар саласын дамытуға бағытталған. Құжат аясында ірі халықаралық іс-шараларды Қазақстанға тарту, іскерлік туризмді дамыту және технологиялар трансферін жолға қою мәселелері қамтылған.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Fraunhofer IPK арасында өндіріс саласындағы жасанды интеллект, қолданбалы зерттеулер және технологиялар трансфері бағыттары бойынша жеке келісім жасалды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына цифрлық өндіріс, автоматтандыру, Industry 4.0 тұжырымдамасы және Alem.AI базасында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды жүзеге асыру жатады.
«Германия – Қазақстанның технологиялық саладағы негізгі серіктестерінің бірі. Қазіргі таңда жасанды интеллект, өнеркәсіпті цифрландыру, ғылыми зерттеулер және стартаптарды дамыту бағыттарында бірлескен жұмыс жүргізудің әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Қол қойылған келісімдер нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе мен технология алмасуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның технологиялық компаниялары үшін жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашады», – деді Ростислав Коняшкин.
Қазақстан-Германия бизнес-форумында атап өтілгендей, Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны ұлттық дамудың басым бағыттары ретінде айқындаған. Ал Германия өнеркәсіптік бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында мол тәжірибеге ие. Қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қажетті негіз қалыптастырады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












