Home Технологиялар Ғаламтор және желі Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

6

Технология бір орнында тұрмайды. Бұдан отыз жыл бұрын үй телефонымен сөйлесу – жайлылықтың шегі секілді көрінсе, бүгінде біз мессенджер арқылы тілдесеміз, азық-түлікті онлайн тапсырыс береміз, тіпті кез келген жерден жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Дүние күн санап өзгеріп жатыр, адамдар да сол өзгеріске ілесіп келеді. Бірақ бәрі бірдей бұл қарқынға үлгере ала ма?

Әр ұрпақтың технологиямен байланысы әрқилы қалыптасты. Бумерлер – алғашқы дербес компьютерлер мен батырмалы телефондардың өмірге енген сәтін көзімен көрген буын. Олар жаңа дүниеге асықпай, біртіндеп бой үйретті. Миллениалдар – өзгерістердің бел ортасында ержеткендер. Олар бұрынғы көзқарастан арылып, цифрлық әлемге бейімделуді үйренді. Ал зумерлер – дүниеге келген күнінен бастап қолына смартфон тиген, әріп танымай жатып жасанды интеллектіні еркін меңгеріп жатқан жас толқын. Әр буынның өмір жолы әртүрлі: бірі үшін – бұл таңданыс, бірі үшін – табиғи орта. Уайымы да, қуанышы да өзіне тән.

Технология әр ұрпақтың өміріне қалай әсер етті?
Осы сұрақтың жауабын табу үшін біз әр кезеңнің адамымен сөйлестік. Бұл – жәй ғана естеліктер жинағы емес. Бұл – жасы мен жолы әртүрлі жандарды біріктіріп тұрған ортақ кеңістік, технология деген үлкен көпірдің хикаясы. Сан алуан буынның бір ырғақта үндесе алатынын көрсететін сыр.

Бумерлер: жазбаша хаттан – цифрлы әлемге дейінгі ұрпақ

1946–1964 жылдары дүниеге келген бейби-бумерлер – балалық шағы интернетсіз, смартфонсыз, әлеуметтік желісіз өткен ұрпақ. Олар үшін балалық шақ – қара тақтаның шиқылы, далада асыр салып ойнау, үйдегі бір ғана телефонның қоңырауын бүкіл отбасының елеңдеп тосуы. Ол кезде хат жазу – сағынышты жеткізудің жалғыз жолы еді. Жаңалықты – газеттен, ауа райын – радио арқылы білетін. Фотосуретті апталап күтіп, қара-қоңыр альбомға салып, әр бетіне ерекше естелікпен қарайтын.

Ал қазір сол ұрпақ Telegram-нан жаңалық оқиды, онлайн-банкинг арқылы төлем жасайды, немересімен бейнеқоңырау арқылы тілдеседі. Уақытпен бірге өзгеріп, жаңа өмірге бейімделіп үлгерді. Бірден меңгермесе де, олар цифрлы кеңістікке жүрексінбей қадам басқан алғашқы буын.

Осы ұрпақ өкілі Ербол Әмірғалиевпен әңгіме барысында біз уақыт пен технологияның қаншалықты алға жылжығанын байқадық. Ол әлі күнге дейін қолмен хат жазудың жылуын, иісін ұмытпаған. Ал бүгінгі өмірдің барлығын бір ғана түймеше арқылы басқаруға болатынына таңданыспен қарайды.

Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

– Сіздер хатты қолмен жазып, суреттерді альбомға жинаған дәуірде өмір сүрдіңіздер. Қазір адаммен байланысу үшін екі-ақ батырма жеткілікті. Ал сол смартфонсыз, интернетсіз, әлеуметтік желісіз өткен өмірді қалай еске аласыз? Сол кезеңнен есіңізде ерекше сақталып, жүрегіңізге жақын болып қалған естелікті атай аласыз ба?

– Сол уақытты сағынышпен еске аламын. Ол кезде бәрі жүректен шығатын. Біреуге бір нәрсе айтқың келсе, тыныш отырып, асықпай хат жазатынсың. Қаламмен, ойланып, мән беріп жазатынбыз. Ал жауабын бір-екі апта күтетін едік. Бірақ сол хатты ашып оқығандағы қуаныштың өзі ерекше сезім еді.

Суреттерге келсек – ол тіпті бөлек әңгіме. Біз оларды арнайы шығарып, альбомға салып, астына қолтаңбамен жазу қалдыратынбыз. Кейде бүкіл отбасы жиналып, сол суреттерді ақтарып, өткенді еске түсіретін едік. Қазір, әрине, бәрі қолжетімді. Бір-екі батырманы басу арқылы-ақ кез келгенін көріп шығуға болады. Бірақ ол кездегі атмосфера жоқ. Біз үшін ең қымбат дүние – адамдармен бетпе-бет отырып әңгімелесу еді. Асықпай, экранға телмірмей сөйлесу – үлкен ләззат болатын.

– Сіздер теледидардағы антенна дәуірінен YouTube пен онлайн-кинотеатрлар заманына дейін куә болдыңыздар. Ал алғашқы цифрлық құрылғылар өміріңізге қалай келді? Есіңізде ме? Оларды қызығушылықпен қабылдадыңыз ба, әлде сәл секемдендіңіз бе?

Әрине, есімізде. Алғаш компьютерді көргенде ертегіге енгендей күй кештік. Кішкентай ғана экран, бір шоғыр батырма, ал ішінде тұнып тұрған ғылым. Басында, шынымды айтсам, қауіппен қарадық. Қиын әрі түсініксіз көрінді. Бірақ уақыт өте келе қызығушылық оянды: ішінде не бар екен, қалай жұмыс істейді екен деген сауалдар мазалай бастады.

Смартфон мен интернет кейін келді. Жасымызға қарамастан, көпшілігіміз біртіндеп меңгеріп алдық. Өйткені заманға бейімделгіміз келгеннен емес, балаларымыз бен немерелеріміздің немен өмір сүріп жатқанын түсінгіміз келді. Дегенмен, кейде баяғы тыныш өмірді сағынып қалатынымыз рас. Ол кезде ақпарат ағыны онша көп емес еді, өз-өзіңмен оңаша қалуға мүмкіндік болатын.

Миллениалдар: цифрлық дәуірдің алғашқы ұрпағы

1981–1996 жылдар аралығында дүниеге келген миллениалдар – технология мен күнделікті өмірдің тоғысында өскен ерекше буын. Олар балалық шағында бейнемагнитофон мен пейджерді пайдаланып, жастық шағында интернет пен ұялы телефонның жылдам таралуына куә болды. Қара-ақ монитордан бастап түрлі әлеуметтік желілерге дейінгі сан қилы өзгерісті көріп өскен бұл ұрпақ жаңалыққа тез бейімделе алатын қабілетімен ерекшеленеді.

Қазір миллениалдар әлемді еркін аралап, қашықтан жұмыс істеп, блог жүргізіп, онлайн бизнес ашып жүр. Технология олар үшін – жай ғана құрал емес, өмір салтын қайта қараудың, шекара мен кәсіптің жаңа мағынаға ие болуының жолы.

Біз осы ұрпақтың өкілі, өзбекстандық программист Алимұхаммед Әбітовпен әңгімелестік. Ол Қазақстанға көшіп келіп, цифрлық дәуір ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланып, IT саласында мансабын нөлден бастаған. Кейін визуалды мәдениетке қызығушылығы оны полиграфия мен графикалық дизайнға алып келді.

Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

– Дискет пен Windows-тың алғашқы нұсқаларымен таныс буынсыз, ал бүгінде нейрожелі мен түрлі заманауи сервистерді еркін меңгеріп отырсыз. Осындай үлкен өзгерістерге қалай бейімделдіңіз? Өз тәжірибеңізбен бөлісіп өтсеңіз.

Мектепте оқып жүргенімізде технологиялар біз үшін қолжетімсіз болатын. Олар жайлы тек кітаптар мен журналдардан оқып, армандаумен шектелетінбіз. Кейінірек үйдегі теледидарға қосып ойнайтын Dendy мен SEGA ойын құрылғылары пайда бола бастады. Компьютерлік клубтар ашылып, жарты сағат ойнау үшін тиын санап, ақша жинайтынбыз. Сол уақыттар біз үшін нағыз мейрам іспеттес еді.

Жоғары сыныптарға өткенде компьютерлік клубтар тіпті кеңінен тарады. Сабақтан соң немесе кейде сабақтың орнына да барып жүрдік. Уақыт өте келе достарымыздың үйінде, кейін өзімізде де компьютер пайда бола бастады. Ең алғаш интернетті телефон желісі арқылы қосқан сәтім жадымда әлі күнге сайрап тұр. Сол кездері World of Warcraft, Lineage сынды онлайн ойындар бізді өз әлеміне тартып әкетті.

Бір жолы диск сататын дүкеннен фото мен видеоны өңдеуге арналған бағдарламаларды көзім шалды. Біреуін сатып алып, Photoshop-ты өз бетімше меңгере бастадым. Қатарынан техникалық дүниелерге де қызығушылығым оянды: Windows орнату, компьютер тазалау, салқындатқышқа май жағу – бәрін өзіміз үйрендік. Ол кезде маман шақыру қалтаға ауыр соғатын, ал біздің амалымыз – ізденіп, тәжірибе жасап көру ғана еді. Білгенімізді достармен бөлісіп, бір-бірімізге көмектесіп жүрдік.

Бұл кезең мен үшін қызыққа, жаңалыққа толы, шабыт сыйлаған уақыт болды. Қазір технология өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды. Өзгерістер күн сайын жаңарып жатыр, біз де соған бейімделіп үлгердік. Бірақ сол алғашқы қадамдар – жүрекке жақын, ұмытылмас естелік болып қалды.

– Қандай дағдыларды өз бетіңізше меңгеруге тура келді? Бұл сіздің кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?

Шынымды айтсам, өз бетіммен үйренген нәрселер аз болған жоқ. Ол кезде қазіргідей бағдарламалау немесе басқа бағыттар бойынша курс та, үйрететін орталықтар да жоқ еді.

Мысалы, бағдарламалауға деген қызығушылығым досыммен әңгімеден кейін оянды. Ол «Ассемблер» деп аталатын тіл туралы айтып берді – осы тіл арқылы операциялық жүйенің құрылымын өзгертуге болады екен. Бұл идея екеумізге қатты әсер етіп, бір жерден Ассемблер тілін үйрететін диск тауып алдық. Ашық айтайын, аса бір жетістікке жетпедік. Оқулықтарды оқып отырғанда көп дүние түсініксіз болатын, ал сұрайтын адам жоқ.

Дегенмен сол кездің өзінде түсінген аздаған дүниелер кейін көп көмегін тигізді. Кейінірек Паскаль тілін үйрене бастағанда, бәрі әлдеқайда түсінікті көрінді. Себебі сол кезде-ақ бағдарламалаудың логикасы мен жүйесі жайлы алғашқы түсініктер қалыптасып қалған еді. Ал бір рет логика мен алгоритмді ұғып алсаң, жаңа тілдерді үйрену әлдеқайда оңай.

Балалық шағымда графикалық дизайн мен бағдарламалауға қызыққанымның арқасында кейін балаларға сабақ та бердім. Қазір де осы қызығушылық кәсіби жолымды айқындап, графикалық дизайн саласында жұмыс істеп келемін.

Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

– Технологияның қарыштап дамуы күн сайын жаңа құралдар мен шешімдердің пайда болуына әкеліп отыр. Осындай қарқынмен ілесіп отыру, бәрін меңгеріп үлгеру қиынға соқпай ма? Әлде бұл үдеріс сіз үшін шабыт көзі ме?

Иә, ондай сезім жиі болады. Кейде жаңа дүниелер туралы біліп те үлгермей қаласың. Ақпарат күн сайын жаңарып отырады. Бір нәрсені енді түсіне бастағанда, жаңасы шығып кетеді. Сол себепті бүгінде бәрін бірдей меңгеру мүмкін емес. Адам нақты бір саланы таңдап, соған тереңдей бастағаны дұрыс секілді.

– Ал болашағыңызды қай бағытта елестетесіз? Жасанды интеллект кейбір жұмыстарыңызды өзіне алып қойса деген қауіп бар ма? Әлде оны мүмкіндік деп қабылдайсыз ба?

Қазір мен бағдарламалаудан алыстадым. Қазіргі бағытым – полиграфия мен графикалық дизайн. Бұл салада жасанды интеллект үлкен көмек болып отыр. Уақыт тапшы, атқарылар іс көп. Ал егер жасанды интеллект кейбір қайталанатын, ұсақ жұмыстарды менің орныма жылдам әрі сапалы істеп берсе – мен тек қуанамын. Бастысы – аз күш жұмсап, көп нәтиже алу.

Z ұрпағы: дүниеге смартфонмен келген буын

Z буыны, яғни зумерлер – 1997 жылдан кейін туған жастар. Олар интернетсіз өмір сүріп көрмеген. Алғашқы күлкілері мен қадамдары бейнежазбаға түсірілген, ал балалық шағы планшетпен қатар өсті. Олар үшін цифрлы орта – жаңалық емес, бала кезден таныс кеңістік. YouTube арқылы оқиды, Instagram-да араласады, TikTok арқылы табыс табады. Бұл – олардың болашағы емес, бүгінгі өмір салты.

Біздің кейіпкеріміз – Жазира Жайынбай. Ол – медициналық университеттің бесінші курсында оқитын студент әрі Z буынының айқын өкілі. Жазира смартфон арқылы видео түсіріп, өзі-ақ оны өңдеп, әлеуметтік желіге салады. Цифрлы құралдарды шығармашылығына, ойын еркін жеткізуге белсенді қолданады. Оның үшін интернет – жай ғана технология емес, өз ойын, болмысын ашудың жолы.

Радиодан нейрожеліге дейін: адамның емес, уақыттың жаңғыруы

– Сіз технологиялар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып үлгерген дәуірде дүниеге келдіңіз. Смартфондар мен қосымшалар – сіз үшін жай ғана құрал ма, әлде жеке болмысыңыздың бір бөлшегі болып кетті ме?

Иә, әрине. Біз осының бәрімен өстік. Әр адамның өзінің цифрлы әлемі бар, ол адамның ішкі жан дүниесін көрсетеді. Біреу менің телефонымды қарап шықса, орнатылған қосымшалардан бастап, жазбаларым мен суреттеріме дейін – бәрі мен туралы көп нәрсе айтады. Онда оқуым, ойларым, өмірімнің сәттері бар. Жазбаларда – жоспарларым мен толғаныстарым. Галерея – достарым, өзгерістерім, жеке тарихым. Қосымшалар да көп нәрсе білдіреді – медициналық платформалардан бастап, медитацияға дейін. Бұл жай ғана технология емес, өз-өзіңе жақындау мен әлемді түсінудің бір жолы.

– Технологиялар бір жағынан даму жолымызда ерекше мүмкіндіктер сыйлайды, бірақ екінші жағынан – шаршатып, қажытып жібереді. Пайдасы мен тәуелділіктің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз? “Бәрі тым көп, бәрі тым жылдам” деген сезім бола ма?

Иә, ондай сәттер жиі болады. Барлығы қатар жүктеліп кеткенде: хабарламалар, тапсырмалар, сессияға дайындық, әлеуметтік желілер – бір сәт те тынығып үлгермейсің. Сондайда шынайы шаршауды сезінемін. Өзімді жоғалтып алмау үшін тоқтап үйрендім: хабарландыруларды өшіріп, телефонысыз далаға шығамын, жай ғана үзіліс жасаймын. Кейде тыныс жаттығулары мен медитация көмектеседі. Уақыт өте келе өзіме: “Болды, қазір тоқтау керек” дейтін сәтті ажыратуды үйрендім. Өйткені күйзеліс көбіне оқу емес, үнемі онлайн болудан туындайды.

– Әлеуметтік желілер қазір – табыс, өзін көрсету және қарым-қатынас құралы. Ал сіз үшін олардың ең басты рөлі қандай? Қандай орын алады өміріңізде және олардан демалғыңыз келетін кездер бола ма?

Мен үшін әлеуметтік желі – ең алдымен шабыт пен байланыс көзі. Онда медицина мен психология саласында жүрген мамандарды, дәрігерлер мен зерттеушілерді оқимын. Олардың бір-бірін қолдап, білгенін бөлісуі маған күш береді, өз жолымды не үшін таңдағанымды еске салады.

Дегенмен желінің көлеңкелі жағы да бар. Онда өзіңді өзгелермен салыстырып, бағытыңнан жаңылып қалуың оңай. Сол себепті мен не оқитынымды, кімді қарайтынымды қатаң сүзгіден өткіземін. Әлеуметтік желіден уақытша алыстау маған ішкі тыныштық табуға көмектеседі. Сол кездері айналама көз жіберіп, шынайы сәттерден ләззат алуға мүмкіндік туады. Мен үшін желі – қажеттілік, бірақ өмірдің өзегі емес.

Қазір технологиялар жай ғана құрал емес, адамның өміріне айналып кетті. Әр буынның өз естелігі, өз цифрлы ізі бар. Бірақ бәрімізді біріктіретін бір-ақ нәрсе бар: өз-өзімізбен, жақындарымызбен және үнемі өзгеріп отыратын әлеммен байланыста болуға деген ұмтылыс.