Home Аналитика ChatGPT әзірлеушілері қазақстандық жобаларға қызығушылық танытты

ChatGPT әзірлеушілері қазақстандық жобаларға қызығушылық танытты

24

Жасанды интеллектіні дамыту және оны қолдану бағытындағы қазақстандық бастамалар шетелдік сарапшылардың назарын аударды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Telegram арнасына сілтеме беріп, Turantimes.kz. порталы хабарлады.

Қазіргі таңда Франция астанасында Жасанды интеллект саласындағы іс-қимылдарға арналған Әлемдік саммит өтіп жатыр. Бұл – Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестікке (GPAI) мүше елдердің министрлік деңгейіндегі кездесуі.

Қазақстандық делегацияны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастап барды. Ол өз баяндамасында Қазақстанның GPAI-ға қосылуға ниетті екенін мәлімдеп, жасанды интеллект технологияларын жауапкершілікпен дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді.

Саммит аясында министр Meta компаниясының жасанды интеллект бойынша бас ғылыми қызметкері, тереңдетілген оқыту (deep learning) саласындағы пионерлердің бірі Ян ЛеКунмен кездесті. Ғалымның басты жетістіктерінің бірі – көптеген заманауи AI-қосымшалардың негізіне айналған LLaMA (Large Language Model Meta AI) тілдік моделін әзірлеуі.

Кездесу барысында Жаслан Мәдиев LLaMA архитектурасына негізделген KazLLM үлкен тілдік моделін таныстырып, оның мүмкіндіктері туралы айтты. Қазақстандық жобамен танысқан Ян ЛеКун оны жоғары бағалап, бұл туралы әлеуметтік желілерде :

 «Парижде өткен AI Action Summit-та Қазақстан делегациясымен кездестім. Олар маған KazLLM-ды таныстырды – LLaMA негізінде қазақ және осы аймақтағы басқа тілдерге бейімделген модель. Қазақ тіліндегі керемет жұмыс!», – деп пікірін білдірді.

Сонымен қатар, Жаслан Мәдиев OpenAI басшылығымен де кездесу өткізді. Ол ұйымның Еуропа және Таяу Шығыс бойынша саясат және серіктестік мәселелеріне жауапты жетекшісі Сандро Джанелламен, сондай-ақ ЕО елдерімен өзара әрекеттесу бөлімінің басшысы Жюли Лавемен пікір алмасты.

OpenAI – әлемге әйгілі ChatGPT моделін әзірлеген америкалық ғылыми-зерттеу ұйымы. Кездесу барысында тараптар электрондық үкіметке жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. OpenAI сарапшылары қазақстандық жобаларға қызығушылық танытып, жергілікті әзірлеушілермен техникалық кездесу өткізуді ұсынды.

Цифрлық даму министрлігі бұл кездесудің Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін көрсетіп, халықаралық серіктестікті нығайтуға жаңа мүмкіндік ашқанын атап өтті.