Home Технологиялар Ғаламтор және желі 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек өндірісінде не өзгермек?

1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек өндірісінде не өзгермек?

70

Қазақстанда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап шығарылған барлық дәрі-дәрмек цифрлық тіркеуден өтуі тиіс. Бұл жүйе дәрінің зауыттан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі жолын толық бақылауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – халықты күма дәріден қорғауға бағытталған.

Қаптамадағы код нені білдіреді?

Енді әрбір дәрі-дәрмектің қаптамасына Data Matrix деп аталатын бірегей сандық код қойылады. Осы кодты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы сканерлеген кез келген адам дәрінің түпнұсқалығын тексере алады.

Код ішінде дәрінің атауы, мөлшері, өндірушісі, шығарылған күні және еліміздегі қозғалыс бағыты толық көрсетіледі. Бұл жүйе дәрі-дәрмек айналымының ашық болуына, ал жалған өнімнің алдын алуға ықпал етеді.

Дәрі-дәрмекті кім тіркеуі тиіс?

Дәріні өндіретін зауыттар, елге әкелетін импорттаушылар, көтерме саудамен айналысатын дистрибьюторлар, дәріханалар мен медициналық мекемелердің барлығы «Tanba» бірыңғай цифрлық тіркеу жүйесіне қосылады. Әр қатысушыға жеке кабинет ашылып, сол арқылы дәрінің қозғалысы кезең-кезеңімен тіркеліп отырады.

Айта кету керек, отандық компаниялармен қатар шетелдік өндірушілер де осы жүйе арқылы жұмыс істей алады. Шетелдік компаниялар жүйеге тікелей тіркелмесе, кодтарды Қазақстандағы импорттаушы компаниялар арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Цифрлық тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейді?

Дәрі өндіруші өнімді нарыққа шығармастан бұрын бірыңғай оператордан бірегей Data Matrix кодтарын алады да, оларды қаптамаға түсіреді. Осылайша дәрі туралы толық ақпарат тіркеу жүйесіне енгізіледі.

Келесі кезекте – импорттаушылар мен дистрибьюторлар – олар дайын, тіркелген өнімді қабылдайды. Егер қаптамадағы код дұрыс оқылмаса немесе жүйеде тіркелмеген болса, ондай дәріні сатуға немесе пайдалануға рұқсат жоқ.

Ең соңғы кезең – дәріханалар мен медициналық мекемелер. Дәрі осы жерде тұтынушыға немесе науқасқа беріледі. Бұл әрекет те жүйеге тіркеліп, препарат айналымнан шығарылады.

Қазіргі таңда дәріханалар мен емханалар қолданатын бағдарламалар цифрлық тіркеу жүйесімен біріктірілген. Сондықтан дәрі сатылған немесе берілген сәтте ол автоматты түрде есептен шығарылады.