Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жеке куәлікті онлайн рәсімдеуге болады

Жеке куәлікті онлайн рәсімдеуге болады

26

Қазақстанда жеке куәлікті онлайн түрде рәсімдеуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. 28 мамырдан бастап азаматтар мемлекеттік қызметті электронды форматта ала алады. Әзірге бұл мүмкіндік тек мерзімі өтіп кеткеніне 10 күннен аспаған немесе жарамдылық мерзімі аяқталуына 30 күн қалған жеке куәліктерді ауыстыру кезінде қолданылады. Басқа жағдайда азаматтар бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді.

Жоба Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде жүзеге асып отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бекітілген. Өтінішті eGov.kz порталы немесе арнайы мобильді қосымшалар арқылы беруге болады. Азамат жаңа куәлікке өтінішті өзі толтырады. Қажетті мәліметтер мен фотосуретті жүктеген соң, жүйе тіркеу талондарын қалыптастырып, өтінішті тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жолдайды.

Қызметкерлер мәліметтердің дұрыстығын, сурет пен қолтаңбаның талапқа сай болуын тексереді. Құжат дұрыс рәсімделсе, өтініш цифрлық қолтаңбамен бекітіліп, жеке куәлік дайындалады. Ал қандай да бір сәйкессіздік анықталса, өтініш кері қайтарылады. Мұндай жағдайда азамат өтінішті қайта тапсыра алады.

Дайын құжатты көші-қон қызметінің тіркеу пунктінен, тіркеу талонының нөмірі арқылы, тек өтініш иесінің өзі ғана ала алады.

Пилоттық жоба 2026 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады. Сол уақытқа дейін бұл жүйе сыналып, тиімділігі бағаланады.