Home Технологиялар Ғаламтор және желі Телемедицинаны жаңғырту жобасы іске қосылды

Телемедицинаны жаңғырту жобасы іске қосылды

46

Телемедицинаны дамыту мәселесі «Атамекен» ҰКП Президиумының фармацевтика, медицина өнеркәсібі және медициналық қызмет комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Жиынға денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық сарапшылар мен ондаған бизнес өкілдері қатысты.

Қазақстанда телемедицина бағыты 20 жыл бұрын қолға алынғанымен, бүгінде ол заман талабына толық сай емес. Әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендер үшін бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр.

«Өкінішке қарай, қазіргі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары ресми түрде республикалық не облыстық орталықтармен телемедициналық кеңес өткізе алмайды. Қолданыстағы ақпараттық арналар заңды емес. Сондықтан біздің міндет – сенімді арналар арқылы телемедицинаны әрбір елді мекенге жеткізу», – деді Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқармасының төрайымы Гүлнара Құлқаева.

Оның айтуынша, жоба 5 миллионнан астам ауыл тұрғынын тар бейінді мамандарға қол жеткізумен қамтып, дәрігерлерге түсетін салмақты азайтуға, медициналық логистиканы жеңілдетуге және қызмет құнын төмендетуге бағытталған.

Жобаны қаржыландыруда бизнес қауымдастық пен жергілікті бюджеттер де үлес қосады деп жоспарланып отыр. Сәтті жүзеге асқан мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысында Франция Елшілігінің қолдауымен жүргізілген пилоттық жоба келтірілді. Ол 16 елді мекенді қамтыған.

Дегенмен медициналық бизнес өкілдерінің айтуынша, қашықтан қызмет көрсетудің негізгі кедергілері әлі шешілмеген. Атап айтқанда, телемедицинаға арналған құқықтық база мен бірыңғай стандарттар жоқ. Бұл – телемедициналық көмектің тәртібі, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін лицензиялау жүйесі, сондай-ақ рұқсатсыз жүргізіліп жатқан WhatsApp арқылы кеңес беру мен үйге барып қызмет көрсетуді «көлеңкеден шығару» қажеттілігі.

Бұдан бөлек, ведомстволар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі, тұрақты қаржылық модельдің болмауы, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және кадр тапшылығы да үлкен мәселе ретінде аталды.

Кездесу қорытындысында айтылған барлық ұсыныстар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығымен бірлесе талқылау үшін ортақ хаттамаға енгізілетін болды.