Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Жастар мен зейнеткерлер интернет-алаяқтардың басты нысанасына айналды

Жастар мен зейнеткерлер интернет-алаяқтардың басты нысанасына айналды

35

Өткен жылы интернет-алаяқтардың құрбандарының арасында 18 бен 30 жас аралығындағы шамамен 2 мың адам тіркелсе, биыл олардың саны 3 мыңға жеткен. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

ІІМ деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары киберқылмыстардан зардап шеккендердің жасы едәуір жасарып келеді. Сонымен қатар 60 жастан асқан азаматтар да тәуекел тобына кіреді. Осылайша, алаяқтардың ең осал нысанасына жастар мен зейнеткерлер айналып отыр.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай қылмыстарда «дроп» атанып кеткен адамдардың да рөлі бар. Олар – өздерінің банк карталарын әртүрлі себеппен қылмыскерлерге беретін қарапайым азаматтар. Дәл осы карталар арқылы ұрланған қаржы заңсыз жолмен айналымға түседі.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы басшысының орынбасары Асет Жүкеновтың айтуынша, 15 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Енді банк картасын үшінші тұлғаларға беру – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Жаза түрі жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды.