Home Ақша Тараздық оқушылардың стартабы Орталық Азияда үздік деп бағаланды

Тараздық оқушылардың стартабы Орталық Азияда үздік деп бағаланды

22

Тараз қаласындағы мектеп оқушылары әзірлеген «Úmit» стартабы AICA Awards 2025 халықаралық байқауында «Жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» атағына ие болды. 4 сәуірде Ташкентте өткен бұл беделді шарада Орталық Азияның бес елінен – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан – 60-тан астам стартап бақ сынады.

Úmit командасы тіл мен бас қимылы арқылы басқарылатын құрылғы жасап шықты. Бұл жаңалық — мүмкіндігі шектеулі жандардың компьютер немесе арба секілді құрылғыларды өз бетінше басқаруына жол ашады. Бұл технологияның көмегімен қолданушылар тек компьютерді басқару мүмкіндігіне ғана ие болмай, сонымен қатар толыққанды жұмыс істей алады. Бағдарламалау, дизайн жасау,өңдеу сынды күрделі тапсырмалар да енді қолжетімді.

Жуырда команда құрылғының жаңа, жетілдірілген үлгісін таныстырды. Басты жаңалық – жасанды интеллект жүйесінің енгізілуі. Ол адамның әрекет үлгісіне бейімделіп, келесі қадамын алдын ала болжай алады. Сондай-ақ моторы тікелей осы құрылғыға жалғанған электрлі арба құрастырылды. Бұл басқаруды әлдеқайда жеңіл әрі жылдам етеді.

«Бұрын бұл тек идея еді, қазір – нақты жұмыс істейтін құрылғы. Жасанды интеллектімен күшейтілген жаңа нұсқаны арнайы осы байқауға дайындадық», — дейді стартап авторларының бірі- Қанат Тажихан.

AICA Awards – Орталық Азияда жасанды интеллектіге арналған тұңғыш салалық сыйлық. Ол ұлы математик, алгебра ғылымының негізін қалаушы Мұхаммед әл-Хорезми есімімен аталған. Премия аясында білім, медицина, агротехнология, бизнес секілді алты түрлі бағыт қамтылады. Мақсат – аймақты жасанды интеллектінің жаңа орталығына айналдыру.

Úmit жобасы тек жаңашылдығы үшін емес, оның нақты өмірде қолдануға жарамдылығы мен кең ауқымда таралу әлеуеті үшін де жоғары бағаланды. Жоба бірнеше кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтіп, бес елдің сарапшылары мен инвесторларының алдында сәтті қорғалды.

«Келесі мақсатымыз – халықаралық акселераторларға қатысып, өндірісті жолға қою. AICA Awards-тағы жеңіс Úmit жобасының өміршең әрі келешегі зор екенін көрсетті. Енді бұл технологияны әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар үшін қолжетімді етуді көздейміз», — дейді команда мүшелері.