Жасанды интеллектімен жасалған әуендер де адамдарға терең әсер қалдыра алады. Испания мен Словения зерттеушілері жүргізген тәжірибе осыны көрсетті. Бұл туралы Naked Science журналы PLOS One басылымында жарияланған мақалаға сүйене отырып хабарлады.
Ғылыми зерттеуге 88 адам қатысқан. Қатысушыларға бейнеролик көрсетіліп, әрқайсысына түрлі музыкалық сүйемел ұсынылды: бірі — кәсіби композитордың туындысы, екіншісі — нейрожүйе тарапынан нақты сценарий бойынша жасалған әуен, ал үшіншісі — жасанды интеллекттің қарапайым нұсқаулар негізінде құрған композициясы.
Осы сәтте мамандар тыңдаушылардың ағзалық реакциясын мұқият бақылап отырған. Зерттеушілер көз қарашығының кеңеюі, кірпік қағу жиілігі және жалпы физиологиялық белсенділік арқылы музыканың адамға қалай әсер ететінін бағалаған.
Нәтижесінде, жасанды интеллект жазған әуендер де адамдарға кәдімгі музыка секілді әсер ететіні анықталды. Әсіресе нақты сценарийге негізделіп дайындалған туындылар тыңдаушыларды ерекше күйге бөлеген. Мұндай музыка адамдарды зейін қоюға итермелеп, олардың эмоционалды тұрғыдан байланыс орнатуына себепші болған.
Тәжірибеден кейін қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Көпшілігі ЖИ жасаған әуендерді көркем, мағыналы әрі күтпеген жерден әсерлі деп бағалады. Кейбірі тіпті бұл туындылар адам жазған композициялардан да әсерлі көрінгенін айтқан.
Зерттеу авторларының айтуынша, тәжірибе шағын ауқымда өткізілген және әр қатысушы тек бір ғана нұсқаны тыңдаған. Дегенмен алғашқы нәтижелер жасанды интеллектің шығармашылық салада да толыққанды құралға айналып келе жатқанын аңғартады.