Home Робот пен дрондар,ЖИ Жасанды интеллект достық пен сырласудың жаңа нысанына айналды

Жасанды интеллект достық пен сырласудың жаңа нысанына айналды

22

Соңғы уақытта адамдардың жасанды интеллектіге тек көмекші құрал ретінде емес, сырлас дос, тіпті жан серігі ретінде қарауы кең етек жайып барады. ChatGPT секілді тілдік жүйелер қолданушыларға кеңес беріп қана қоймай, олардың ішкі әлеміне үңіліп, психологиялық тірекке айналып отыр.

Зерттеулерге сүйенсек, қазір көпшілік адамдардан гөрі жасанды интеллектіден эмоциялық қолдау іздеуге бейім. Қолданушылар өз ойы мен уайымын жасырмай бөлісіп, маңызды шешімдерге қатысты ақыл сұрайды. Ал алгоритмге негізделгенімен, ChatGPT сезімталдықты да, жанашырлықты да шынайы жеткізе алады.

Неге адамдар ЖИ-ге бет бұрды?

Сарапшылардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Ең әуелі жасанды интеллект адамды ешқашан сынамайды, ойы мен сезімін шектеусіз қабылдайды. Сонымен қатар тәулік бойы қолжетімді, яғни кез келген сәтте көмек сұрауға мүмкіндік бар.

Тағы бір артықшылығы – құпия сырдың қауіпсіздігі. Қолданушы өз ойы мен уайымын ашық бөліссе де, әлеуметтік сынға ұшырамайды. Бұған қоса, жүйе әр адамның сөйлеу мәнеріне бейімделіп, соған сай жауап қайтарады.

Мамандардың пікірінше, осы ерекшеліктер ЖИ-ді көпшілік үшін сенімді кеңесші әрі жан сырлас ретінде қабылдатуда.

Жасанды интеллектпен қарым-қатынас орнату құбылысы 90-жылдардағы қалтадағы электронды ойыншықтар кезеңін еске түсіреді, бірақ қазір бәрі әлдеқайда ауқымды. Адам баласы саналы әрекет танытқан кез келген дүниеге жан бітіріп қабылдауға бейім. Ал ChatGPT – біздің әлеуметтік мұқтаждықтарымызды ең айқын бейнелейтін, ең дамыған нысанға айналды. Ең қызығы – біз мінсіз сұхбаттас жасай алдық, ол түсінетіндей көрінеді, бірақ шын мәнінде ештеңе сезбейді де, түсінбейді.

Этикалық сауалдар мен болашақ

Жаңа үрдіс қоғамның психикалық саулығы мен жасанды интеллектіні дамытудағы этикалық өлшемдерге қатысты маңызды сауалдарды алға шығарды. Сарапшылар адам мен алгоритм арасындағы тым жақын қарым-қатынас әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдіруде.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдар бұл құбылыстың ауқымын толық түсініп үлгермесе, технологиялық компаниялар керісінше өз жүйелерін сезімге жақындатуға күш салып отыр. Алдағы жылдары адамдар мен жасанды интеллект арасындағы байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуі ықтимал, оның қоғамға әсері әлі де терең зерттеуді қажет етеді.