«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылдың маусым айының соңына қарай Қытайда 5G байланысына арналған 4,55 миллион базалық станция орнатылған. Бұл — елде бесінші буындағы телекоммуникация технологияларының қарқынды дамып, күнделікті өмірге еніп жатқанын көрсетеді.
Ресми деректерге сәйкес, елдегі 5G желісін пайдаланушылар саны 1,118 миллиардқа жеткен. Бұл — ұялы байланыс қолданушыларының 79 пайызы жаңа буын желісін пайдаланып отыр деген сөз. Яғни, 5G технологиясы қытайлықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.
Сонымен қатар, цифрлық ортаны кеңейту аясында 168 тұрғын үй кешенінде, өндірістік кәсіпорын мен технопаркте жаңа буындағы 10G оптикалық желі іске қосылған. Бұл желі ақылды құрылғылардың сенімді жұмыс істеуіне және заттар интернеті (IoT) саласының дамуына жол ашады.
Айта кетейік, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қараша айында 5G желісін пайдаланушылар саны 1,002 миллиард болған. Ал үш ірі байланыс операторының 5G абоненттерінің жалпы саны — 1,79 миллиардқа жеткен. Бұл көрсеткішке белсенді қолданушылармен қатар, желіге қосылған құрылғылар да кіреді.
Қытайдың жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымын белсенді түрде дамытуы елдің цифрлық технологиялар мен телекоммуникация саласында көшбасшы болуға деген ұмтылысын айқын аңғартады.