Google-дың бұрынғы топ-менеджері қоғам алдағы онжылдықтан астам уақыт бойы жасанды интеллекттің салдарынан ауыр күйзеліске тап болатынын ескертті. Оның айтуынша, көптеген кеңсе мамандықтары жойылып, қоғамды «шын мәніндегі тозақ» 2027 жылдан бастап шарпиды.
Google X компаниясында бизнес-директор қызметін атқарған, 2018 жылы жұмыстан кеткеннен кейін танымал автор әрі спикерге айналған Мо Гавдат адамзаттың болашағын қапалы суретпен сипаттады: жаппай жұмыссыздық, теңсіздіктің күшеюі және жасанды интеллект төңкерісі салдарынан туындайтын әлеуметтік хаос.
– Алдағы 15 жыл тозақтай болады, содан кейін ғана жұмаққа жетеміз, – деді Гавдат британдық кәсіпкер Стивен Бартлеттің Diary of a CEO подкастында.

58 жастағы Гавдат өзі негізін қалаған Emma.love стартабына да тоқталды. Эмоция мен қарым-қатынасқа бейімделген жасанды интеллект жасап жатқан бұл компанияда небәрі үш адам жұмыс істейді.
– Бұрын мұндай жобаны жүзеге асыру үшін 350 бағдарламашы керек болатын. Ал қазір тіпті подкаст жүргізушісінің өзін де жасанды интеллект алмастыра алады, – деді ол.
Гавдаттың болжауынша, 2020-жылдардың соңына қарай «ақ жағалылардың дәуірі» аяқталады. Бұл – қоғам құрылымындағы түбегейлі бетбұрыс.
Бұған дейінгі технологиялық төңкерістер негізінен қол еңбегін атқаратындарға әсер еткен болса, жаңа толқын білімді мамандар мен қазіргі экономиканың тірегі саналатын орта тапқа соққы береді.
Египетте дүниеге келіп, 29 жасында миллионер атанған Гавдаттың пікірінше, жұмыс күшінің жаппай ығыстырылуы қауіпті деңгейдегі экономикалық теңсіздікке алып келеді.
– Тиісті реттеу болмаған жағдайда жасанды интеллект байлық пен билікті технология иелерінің қолына шоғырландырады, ал миллиондаған адам жаңа экономиканың шетінде қалып қояды, – деп ескертті ол.
Экономикадан бөлек, Гавдат әлеуметтік дағдарысты да болжайды. Жұмыссыз қалған адамдар өмірлік мәнінен айырылады, бұл психикалық күйзелістің, жалғыздықтың және қоғамның бөлшектенуінің өсуіне әкелмек.
– Егер сен халықтың ең бай 0,1%-ына кірмесең, қарапайым шаруаға айналасың. Орта тап енді жоқ, – деді ол.
Дегенмен Гавдаттың пайымынша, бұл қиындықтардың бәрі уақытша ғана. 2040 жылдан кейін адамзат утопиялық дәуірге аяқ баспақ. Сол кезде адамдарды жалықтыратын, мәнсіз жұмыстардан босатып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Оның пікірінше, тұтынушылық пен ашкөздіктің орнын махаббат, қауымдастық сезімі мен рухани даму басады.
Гавдат мемлекеттерді, бизнесті және қоғамды қазірден бастап дайындалуға шақырады. Мәселен, адамдарға өтпелі кезеңде тірек болатын гарантталған базалық табысты енгізуді ұсынады.
– Біз қысқа мерзімді дистопияға қарай бара жатырмыз. Бірақ болашақтың бағытын өзгертуге әлі де кеш емес, – деді ол. – Болашақ иілгіш, ол бүгін қабылданатын шешімдерге байланысты.
Оның ойынша, болашақтың кілті – дұрыс реттеу, жасанды интеллектке тең қолжетімділік және алгоритмдерді адамгершілікпен бағдарламалау.
– Біз үшін соңғы мүмкіндік – жаңа дүниеге бейімделу, оны қайта ой елегінен өткізу және адамға жақындату, – деді Гавдат.

Гавдат айтқан қауіптерді соңғы экономикалық деректер де жоққа шығармайды:
- Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи алдағы бес жылда «ақ жағалылар қырғыны» болатынын ескертті. Оның айтуынша, бастапқы деңгейдегі кеңсе қызметтерінің 50 пайызы жойылады.
- Дүниежүзілік экономикалық форум дерегінше, әлемдегі компаниялардың 40 пайызы жасанды интеллектке байланысты қысқартуларды жоспарлап отыр.
- Гарвард университетінің зерттеушілері кеңселік міндеттердің 35 пайызы қазірдің өзінде автоматтандыруға көнетінін анықтаған.
- Challenger, Gray & Christmas мәліметінше, 2023 жылдан бері 27 мыңнан астам қызметкердің жұмыстан босатылуы тікелей ІІ-мен байланысты. Бұл — тек бастамасы ғана.
- Goldman Sachs пен McKinsey жасанды интеллект жаһандық ішкі өнімді триллиондаған долларға арттырады деп болжайды. Бірақ Халықаралық валюта қоры егер мемлекеттер арнайы шара қабылдамаса, мұның барлығы теңсіздікті одан әрі күшейтетінін ескертеді.
- MIT пен PwC сарапшылары да Гавдатпен келіседі: уақытылы әрекет жасалмаса, жалақының құлдырауы, байлықтың аз топтың қолына шоғырлануы және әлеуметтік толқулар орын алуы мүмкін.
Мо Гавдаттың болжамдары — қиял емес, нақты деректермен расталып отырған қауіптің айқын көрінісі. Жасанды интеллекттің дамуы әлем экономикасын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін, бірақ сонымен бірге миллиондаған адамды жұмыссыз қалдырып, қоғамды бұрын-соңды болмаған теңсіздікке әкелуі ықтимал.