АҚШ пен Австралия тұрғындарына Жаңа жыл мерекесіне қарасты сыйлықтар мен сәндік заттарды сатып алу кезінде Temu қытайлық маркетплейсінен тауар алудан сақтану ұсынылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл платформада қауіпсіздігі төмен, сапасыз өнімдер сатылып, денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.
Америка тұтынушылар федерациясы жаңа есеп жариялады. Онда Temu платформасына қатысты бірнеше сот ісі қаралып жатқаны көрсетілген. Маркетплейсті өнімдердің қауіпсіздігі туралы ақпаратты жасыру, брендтік тауарларды жалған көрсету, бағаны дұрыс көрсетпеу, пікірлерді бұрмалау және тұтынушыны адастыратын жапсырмалар қолдану сияқты әрекеттерімен айыптаған.
«Тұтынушылар әрдайым тауардың қауіпсіздігіне сенімді болғысы келеді. Олар дүкеннен сатып алса да, интернет арқылы тапсырыс берсе де сапалы әрі қауіпсіз өнім алуға құқылы», – дейді Америка тұтынушылар федерациясының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі директоры Кортни Гриффин.
Австралиялық БАҚ Temu арқылы арзан тауар сатып алудан сақтануға шақырады. Сонымен қатар, тұрғындар қытайлық өнімдердің қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін екенін де алаңдаушылықпен қабылдайды.
Сидней университетінің бизнес мектебінің сауда саласындағы сарапшысы Лиза Ашердің айтуынша, Temu арқылы сатылатын заттар арзан синтетикалық материалдан жасалған. Олар тез бұзылады, жыртылып кетеді де, қоқысқа тасталады. Австралия институтының есептеуінше, жыл сайын 300 тоннадан астам киім қалдыққа кетеді.
Қазақстандық БАҚ та бірнеше рет Temu тауарларының қауіпті болуы мүмкін екенін хабарлаған. Мысалы, қытайлық маркетплейстен сатып алынған балаларға арналған слаймде бор мөлшері рұқсат етілген нормадан 11 есе асып кеткен. Басқа тауарларда фталаттар, пластификаторлар және ауыр металдар, оның ішінде қорғасын мөлшері шектен тыс болған.
Сонымен қатар, Қазақстанда Temu-ден алынған тауарларды қайтаруда қиындықтар туындайды.
«Шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстанның юрисдикциясынан тыс болғандықтан, тұтынушылар өз құқықтарын толық қорғай алмайды. Сондай-ақ, шетелдік интернет-дүкендерден алынған тауарлар сертификаттау процедурасынан өтпейді, бұл өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», – дейді сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев.
Айта кетерлігі, келесі жылдан бастап қазақстандықтар Temu, AliExpress және PinDuoDuo сияқты қытайлық маркетплейстерден сатып алған барлық тауарларын декларациялауға міндетті болады. Электрондық декларацияда ең кішкентай және арзан тауарлар да көрсетілуі қажет.












