Қарағандыда робототехникаға қызығатын жастарды біріктірген халықаралық «RoboLand 2025» фестивалі мәресіне жетті. Оныншы рет ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға бірнеше елден келген жас өнертапқыштар қатысып, өз мүмкіндіктерін ортаға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы жалпы есепте жеңімпаз атанды. Екінші орын – Қостанай облысына, үшінші орын – Өзбекстаннан келген жас жеткіншектерге бұйырды. Жеңімпаздарға медальдар, дипломдар және техникалық шығармашылықты дамытуға арналған бағалы сыйлықтар табысталды.
«RoboLand» – Қазақстандағы білім беру саласындағы робототехника бағытында қолға алынған алғашқы әрі ең ауқымды жоба. Бұл – тек байқау ғана емес, болашақ инженерлер мен бағдарламашылар үшін тәжірибе алмасатын маңызды алаң. Мұнда білім мен қиял, техника мен жаңашылдық қатар өріледі.
Осы жылдар ішінде фестивальге Италия, Сербия, Грекия, Польша, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен 7 мыңға жуық топ қатысқан. Жалпы 12 мыңнан астам жас өнертапқыш Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде бақ сынады. Жыл сайын 3 мыңнан аса көрермен жарысты көзбен көрсе, мыңдаған адам онлайн тамашалады.
Биылғы фестивальге 362 топтан 750-ден астам қатысушы жиналды. Алғаш рет Болгария мен Ираннан келген өкілдер қатысты. Жарыс бағдарламасына жаңа санаттар қосылып, тартыс бұрынғыдан да қыза түсті.
ROBOT MOUSE санатында Теміртаудағы «Дельфинчик» балабақшасының тәрбиеленушілері жеңіске жетті. Fischertechnik бағытында Осакаровка кентіндегі №9 гимназия негізінде құрылған «BitRobotics» тобы озық шықты. Шығармашылық жобалар бойынша Нұра ауданындағы Тассуат ауылы мектебі мен Өзбекстаннан келген «Start Up» тобы үздік деп танылды.
Садақ ату сайысында Семей қаласындағы №15 мектептің «RoboSoul» тобы мергендігімен көзге түсті. Жұптық теннис сайысы Қарағанды қаласындағы К. Нұржанов атындағы гимназияның «Гроза» тобына бұйырды. Футбол жарысында Орал қаласындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің «SauletML» тобы жеңіске жетті. Кегельринг-квадро номинациясында Астанадағы №8 мектеп-лицейінің «RoboCom»тобы үздік нәтиже көрсетті.
Кедергілер жолағын шапшаң еңсергені үшін Бұқар жырау ауданындағы Ростовка мектебінің өрендері ерекше танылды. Ал күрделі лабиринттерден өту сайысында Жамбыл облысы, Мерке ауылындағы №39 мектеп-гимназияның «Ұлы дала» тобы мен Өзбекстанның «Steam Land 2» тобы шеберлік көрсетті. Судың астындағы лабиринтпен сынақта Сарань қаласындағы №1 мектеп-лицейдің Тұлпар 3 тобы жеңімпаз атанды.
Қарағанды қаласындағы М. Жұмабаев атындағы гимназия оқушылары бірнеше аталымда көш бастады. RoboLand–Kazakhstan санатында бірінші орынды Көкшетаудың «Джон Сина» тобы иеленді. Квадрокоптермен басқару сайысында Теміртаудағы Baymax робототехника үйірмесінің шәкірттері үздік деп танылды.
Робогеометрия бағытында Өскемен қаласы мен Қарағанды облысы, Ростовка ауылындағы топтар алға шықты. Ал үш өлшемді үлгі жасау шеберлігі бойынша Қостанай қаласындағы А. Горький атындағы гимназияның жастары дараланды.
Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, деңгейі артып келе жатқан «RoboLand» фестивалі – техникалық білім мен шығармашылықтың тоғысқан тұсы. Бұл – жас өрендерге шабыт беретін, болашақ инженерлер мен ғалымдарға жол ашатын маңызды бастама.