Home Технологиялар Инновациялар Жас өнертапқыш су құбырынан электр қуатын өндірудің жолын тапты

Жас өнертапқыш су құбырынан электр қуатын өндірудің жолын тапты

13

Электр энергиясын өндірудің тың жолын Абай облысы, Бесқарағай ауданындағы Н.Баймұратов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дидара Баталова ұсынды. Ол өз ұстазы Мейрамғали Жексеновтің жетекшілігімен көпқабатты үйлердің су құбырларын шағын электр станциясына айналдыратын ерекше жүйе жасап шығарды.

Жас өнертапқыштың идеясы қарапайым әрі тиімді. Жоба аясында су есептегіштеріне ұқсас шағын турбиналар орнатылады. Олар құбырдағы тұрақты су ағынын электр энергиясына айналдырып, кіреберіс пен баспалдақ алаңдарын жарықтандыруға, тіпті жекелеген пәтерлерді қуатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл технологияны кез келген су құбырына бейімдеп, оңай орнатуға болады.

«Бұл – экологиялық таза әрі қолжетімді шешім. Ол дәстүрлі көмір мен газға тәуелділікті азайтып, баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануға жол ашады», – дейді Дидара Баталова.

Жас ғалымның жобасы баламалы энергетика саласындағы тың бастамалардың бірі ретінде бағаланып отыр. Егер бұл технология кеңінен қолданысқа енсе, қала инфрақұрылымын жаңғыртуға, энергияны тиімді пайдалануға және тұрақты электрмен жабдықтауға зор үлес қосары анық.