Toyota компаниясы бүгін жаңа буындағы RAV4 кроссоверін жұртшылыққа таныстырады. Дегенмен, жапондық Best Car Web басылымының хабарлауынша, жаңа RAV4 таза бензинді қозғалтқышпен енді шықпайды. Көлік тек гибридті және қуат алатын (plug-in hybrid) нұсқаларда ұсынылады.
Сондай-ақ, жаңа модельде тек үш түрлі жинақтама болатыны белгілі болды: стандартты базалық нұсқа, жолсыз жерге арналған Adventure және спорттық GR Sport.
Жарияланған алғашқы тизерлерге қарағанда, салонның дизайны Land Cruiser 250 моделіне ұқсайды. Жаңа RAV4-тің ішкі бөлігінде — ірі төртбұрышты тетік бар. Бұл — Multi-Terrain Select секілді жол таңдау режимінің ауыстырғышына ұқсайды және көліктің жолсыз жерде жүру мүмкіндіктері жақсарғанын аңғартады.
Тағы бір тизерде 58 км/сағ жылдамдықты көрсетіп тұрған спидометр мен «D» режиміндегі беріліс қорабының тұтқасы байқалады. Ерекше назар аударатыны — жүргізушінің қолы рөлде емес. Бұл жайт көлікте озық көмекші жүйелердің немесе жартылай автономды жүргізу функциясының барын меңзейтіндей.
Toyota-ның бұл шешімі – экологияға бет бұрған жаһандық трендпен үндес. Бензиннен толық бас тарту – RAV4 секілді танымал үлгі үшін батыл қадам. Дегенмен, кейбір нарықтарда бензинді нұсқалар сақталуы мүмкін.