Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жаңа 2025 жылды қарсы аламыз! Жетістіктерді қорытындылап, алдағы мүмкіндіктерді айқындаймыз

Жаңа 2025 жылды қарсы аламыз! Жетістіктерді қорытындылап, алдағы мүмкіндіктерді айқындаймыз

10

Жыл сайын «MOBILASER» мобильді электроника порталы жаңа жыл қарсаңында IT-технологиялар, телекоммуникация, сауда саласында қызмет ететін немесе әлемдік брендтердің Қазақстандағы өкілдерін біріктіретін компаниялардың басшылары мен мамандарымен сұхбаттасып, қызықты әрі танымды сұхбаттар топтамасын жариялайды.

Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы- Freedom Telecom компаниясының PR-директоры Максим Оларь .

– Өткен жылды компанияңыз қалай қорытындылады?

– Биыл біз сенімді түрде толыққанды байланыс операторы ретінде қалыптастық деп айта аламыз. Мұндай бизнестің ауқымын ескерсек, бұл қысқа мерзімде қол жеткізілген айтарлықтай жетістік.

Біз 11 тірек желіні іске қосу үшін 2000 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салдық. Бұл қалаларды замануи цифрлық инфрақұрылыммен біріктіретін маңызды қадам болды. Сонымен қатар, алты қалада көппәтерлі үйлерге арналған тарату желілері құрылып, тұрғындарға жоғары сапалы телекоммуникациялық қызметтер қолжетімді болды.

Freedom Telecom биылдан бастап бизнес клиенттерге (B2B) ғана емес, жеке пайдаланушыларға (B2C) да қызмет көрсете бастады. Мәселен, Астана, Тараз, Ақтау және басқа да қалаларда біздің абоненттеріміз пайда болды. Біз осы мақсатта 24 мыңға жуық үй шаруашылығын қамтитын желілерді іске қостық, олар GPON технологиясының көмегімен қосылды.

– Сіздер үшін жылдың басты жетістігі қандай болды? Қандай кедергілерді еңсеріп, қандай жаңа бағыттарды дамыттыңыздар?

– Осы жылы біз көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдік, бірақ ең бастысы – олардың барлығын еңсере білдік. Осы жылы тек нарықтағы орнымызды ғана емес, өзара сенімді қарым-қатынасымызды да нығайта алдық.

Телеком нарығында жаңа ойыншы ретінде орнығу оңай шаруа емес. Әсіресе, үлкен бәсекелестік жағдайында бірнеше рет сынға түстік. Қиындықтарға қарамастан, команда болып жұмыла әрекет етіп, биік белестерге жеттік. Осы жолда бізге сенім артқан тұтынушыларымыздың үмітін ақтағанымыз – ең үлкен жетістік деп санаймын.

– Сіздерден жаңа жылы не күтсек болады ?

– Алдағы жылы басты мақсатымыз – елімізде жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін арттыру. Біз көптеген аймақтарды қамтып, тұрғындарға сапалы әрі жылдам байланыс желісін ұсынамыз.

Жаңа жылда біз B2C бағытына ерекше көңіл бөлеміз. Гигабит жылдамдығындағы интернетті тартымды шарттармен ұсынып, тұтынушыларымыздың күткенін ақтаймыз. Сондай-ақ, Freedom Media экожүйесін толық іске қосамыз. Мұнда әлемдік деңгейдегі фильмдер мен сериалдар, соның ішінде қазақ тіліндегі эксклюзивті контент қолжетімді болады.

Біз жаңа жылды үлкен үмітпен қарсы алып отырмыз. Барша қазақстандықтарға 2025 жыл сәттілік, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ әкелсін деп тілейміз!