Су тапшылығы мен маусымдық тәуелділік – Қызылорда өңіріндегі ауыл шаруашылығы үшін басты сын-қатерлердің бірі. Мұндай жағдайда шаруалар үшін уақыт үнемдеу мен техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуі айрықша маңызды.
Осыны ескерген Қызылорда облыстық «ҚазАгроҚаржы» филиалы жаңа онлайн-сервисті іске қосты. Енді фермерлер ауылшаруашылық техникасын лизингке алу үшін өтінімді интернет арқылы бере алады. Жеке шаруа қожалықтарынан түскен өтінім небәрі 10 минут ішінде қаралып, шешім қабылданады. Егер қожалықта бірнеше қатысушы болса, құжаттарды құқықтық департамент тексереді. Дегенмен, мұндай жағдайда да өтінім екі күннен аспай шешіледі. Сирек қолданылатын техникаларға қатысты да мерзім осындай, тек қосымша сервис орталықтарының бар-жоғы нақтыланады.
«Бүгінде цифрландыру агробизнеске де терең еніп келеді. Біз лизингке техника алуға өтінімді онлайн беру қызметін іске қосып, оны Қызылордадағы фермерлерге тікелей көрсетіп бердік. Сонымен қатар шаруалардың күнделікті қандай түйткілдерге тап болатынын да жақсы білеміз. Әсіресе, интернеттің баяулығы мен цифрлық қызметтерді пайдалану дағдыларының жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамамызды қолдап, фермерлерге практикалық көмек көрсетуге келіскені біз үшін аса маңызды», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.