Қытайдың солтүстік-батысында CH-YH1000 жүк дроны алғашқы сынақтық ұшуын сәтті орындады. 1200 килограммға дейін жүк көтере алатын бұл ұшқышсыз әуе көлігі Aerospace CH UAV компаниясы әзірлеген. Жаңа дрон 1500 шақырымға дейін ұшуға, 10 сағатқа дейін әуеде болуға қабілетті және кез келген жерге қона алады.
CH-YH1000 — орташа биіктікте жүк жеткізуге арналған әмбебап дрон. Ол дәстүрлі жүк ұшағына ұқсас және қос қозғалтқышпен жабдықталған. Адам басқаратын әуе көліктерімен салыстырғанда бұл дрон жеңіл, бірақ әлдеқайда көп жүк алып жүре алады. Сонымен қатар, ол бұрын сынақтан өткен CH сериясындағы дрондардың навигациялық жүйесін пайдаланады – бұл оның сенімділігін арттырып, кедергілерге төзімділігін қамтамасыз етеді.
Жаңа аппарат 8000 метр биіктікке дейін көтеріле алады, ал жүк бөліміне төрт бірдей көлемдегі (әрқайсысы 1 текше метр) контейнер сыяды. Алдыңғы есік арқылы жүктеу мен түсіру, ал төменгі панель арқылы жүктің тікелей түсірілуі мүмкін – бұл дронның икемді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, борттағы қуаты 6 кВт болатын электр көзі арқылы әртүрлі құрылғыларды қосуға болады.
CH-YH1000 шағын жолақтарға – асфальтталмаған топырақ жолдарға, шөпті алаңдарға қонуға қабілетті. Қажет болғанда дрон суға немесе қарға қона алатын арнайы қону тетігімен жабдықталады. Бұл қиын табиғи жағдайда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мамандар бұл дронды “ауыр жүктің әуедегі сенімді тасымалдаушысы” дейді. Өйткені ол ірі қалалар мен алыс аудандар арасында жылдам әрі тиімді байланыс орнатуға бағытталған. Әсіресе, Тибет пен Шыңжаң сияқты таулы және қол жетуі қиын өңірлер үшін жүк тасымалын арзандатуға үлкен үлес қоса алады. Компания өкілдерінің айтуынша, әуе жеткізу қызметінің құны жер үсті тасымалынан сәл ғана қымбат болмақ, алайда жылдамдығы мен қолжетімділігі бұл айырмашылықты толық ақтайды.
Айта кетейік, алғашқы сынақтық ұшу алдында дрон қаңтар айында толық жүктемемен жүру қабілеті бойынша тестілеуден өткен болатын. Ұшу сынағы Хубэй провинциясындағы Цзинмэнь қаласында орналасқан Чжанхэ әуежайында жүргізілді.