Home Робот пен дрондар,ЖИ Қытайда тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы автономды робот таныстырылды

Қытайда тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы автономды робот таныстырылды

17

Қытайдың UBTECH компаниясы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істей алатын, батареясын автономды түрде ауыстыратын адам бейнесіндегі Walker S2 роботын таныстырды.

Бүгінде адамға ұқсас роботтардың түр-түрі жасалып жатыр. Дегенмен, биылғы ең ерекше жаңалықтардың бірі – осы Walker S2. Оның басты артықшылығы – аккумуляторды адам көмегінсіз өздігінен ауыстыра алуы. Бұл оған демалыссыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

162 сантиметр бойлы, салмағы 43 келі бұл робот шағын бойлы ересек адамдай көрінеді. Ол 48 вольттық литий батареясымен жұмыс істейді және қос батарея жүйесін қолданады. Толық қуатпен робот екі сағат жүре алады немесе төрт сағат тік тұрады. Батареяны толық қуаттау уақыты – 90 минут.

UBTECH компаниясы мұны әлемде алғаш рет жүзеге асқан технология деп отыр. 17 шілдеде жарияланған бейнероликте Walker S2 зарядтау станциясына келіп тоқтайды. Ол арқасындағы ескі батареяны шешіп алып, оны бос ұяшыққа қойып, орнына жаңа қуат көзін орнатады.

Қытайлық CnEVPost басылымының мәліметінше, Walker S2-нің қуат көздерінің бірі таусылса, ол автоматты түрде ауыстыруға кіріседі. Сондай-ақ робот қалған қуат деңгейін өзі бағалап, қолдағы тапсырманың маңыздылығына қарай батареяны ауыстыру немесе зарядтауды таңдай алады.

Walker S2 зауыттарда немесе көпшілік орындарда келушілерді қарсы алу және оларға бағыт-бағдар беру секілді қызметтерде қолданылуы мүмкін. Ол 20 түрлі қозғалыс еркіндігіне ие және Wi-Fi мен Bluetooth байланысын қолдайды.