Қытай ғалымдары теңіз түбіндегі дерек желілерін үзе алатын суасты құрылғысын таныстырды. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы мұхиттың ең терең тұстарында да жұмыс істей алады. Ол болат, резеңке не полимермен қапталған сауытты кабельдерді оңай қиып түсіруге қауқарлы.
Жоба елдің қорғаныс бастамасы аясында жасалған. Құрылғы теңіз астындағы байланыс пен энергия желілеріне қауіп төндіретін қуатты құрал ретінде сипатталуда. Қазір жаһандық ақпарат алмасудың басым бөлігі дәл осы суасты кабельдері арқылы жүзеге асады. Олардың зақымдануы – тұтас құрлықтардың интернеттен ажырауына алып келуі мүмкін.
Қытайлық басылымдар мұны теңіз инфрақұрылымындағы ықпалын арттыру жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр. Бүгінде Қытай су астында еркін қозғалатын құрылғылар бойынша әлемде көш бастап тұр. Бұл елдің басқарушы платформалары кез келген мұхит тереңдігіне барып, арнайы операциялар жүргізуге қауқарлы.
Құрылғыны адамсыз басқарылатын платформалар арқылы жасырып қолдануға болады. Бұл жаңалық Батыс елдерінің әскери сарапшылары арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе теңіз түбіндегі Ресей газ құбырына жасалған шабуылдан кейін, суасты қауіпсіздігі мәселесі қайтадан өткір көтерілуде.