Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) ойын саласына терең еніп, оны түбегейлі өзгертуде. Ол ойын жасаудың барлық кезеңінде қолданылады, ал нәтижесі – заңды әрі әсерлі. Дегенмен бұл шын мәніндегі соңғы нүкте ме? Әлде одан әрі жалғасатын үлкен өзгерістің бастауы ма?
Бұрын ойын әзірлеушілері кейіпкерлердің (NPC) әрекетін алдын ала жазылған бағдарлама бойынша басқаратын. Мұндай жүйе ойын барысын бірсарынды, болжап отыруға болатын күйге түсіретін. Ал жасанды интеллект пайда болғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Енді кейіпкерлер ойыншының қимылын бақылап, соған икемделе алады. Бұл ойын процесін әлдеқайда қызықты әрі күрделі етеді. Мәселен, Halcyon Zero атты аниме-ойын студиясы енді арнайы контент дайындайтын ЖИ құралдарын іске қоспақ.
Компьютерлік ойындар алғаш шыққан сәттен-ақ оларды барынша тартымды ету жолдары қарастырылып келді. Сол ізденістердің бірі – ойынға жасанды интеллект элементтерін қосу еді. Мұндай алғашқы қадамдар 1950-жылдары, яғни компьютерлер енді ғана пайда бола бастаған кезеңде қолға алынған.

Жасанды интеллект ойын барысына қалай әсер етеді? Ол – ойыншының әрекетіне қарай икемделетін жүйе. Виртуалды кейіпкерлерді басқарып, түрлі сценарий құрып, жағдайға бейімделген шешімдер қабылдай алады. Яғни ЖИ – ойынның қызық әрі шынайы өтуіне жауап беретін маңызды құрал. Ол арқылы ойыншы виртуалды әлемге тереңірек бойлап, сол ортадағы кейіпкерлермен және құбылыстармен еркін әрекеттесе алады.
Компьютерлік қуат артқан сайын, машиналық оқыту әдістері де дамып, ойындарға жасанды интеллектіні енгізудің жаңа мүмкіндіктері ашыла бастады. Мәселен, 1962 жылы Массачусетс технологиялық институтында жасалған Spacewar ойынында жасанды интеллект алғаш рет компьютерлік қарсыластың әрекетін басқару үшін пайдаланылған. Содан бері ойын жасаушылар ЖИ-ді дамытуды тоқтатқан емес. Бүгінде нейрожелілер мен жаңа алгоритмдер негізінде жасалған ойындар да пайда болды.
1990-жылдары жасанды интеллект жаңа қарқынмен дами бастады. Осы кезеңде ол түрлі жанрдағы ойындарға, әсіресе жекпе-жек симуляторларына кеңінен енгізілді. Қазір әзірлеушілер ЖИ-ді барынша жетілдіріп, оны шынайы ойыншыдан ажырату мүмкін болмайтындай деңгейге жеткізуге ұмтылуда. Дегенмен, ойын әділ әрі қызықты болуы үшін жасанды интеллекттің мүмкіндіктері саналы түрде шектеледі. Себебі заманауи ЖИ бірнеше тапсырманы қатар орындап, алдағы бірнеше қадамды алдын ала болжай алады және аса жылдам әрекет етеді. Мұндай жағдайда кәдімгі ойыншы онымен тең деңгейде бәсекелесе алмайды.

Жасанды интеллект — бұл бейнелеу өнеріндегі нәзік қылқалам іспеттес. Ол ойын әлеміне шынайы тыныс беріп, интерактивтілік пен шексіз мүмкіндіктер ұсынады. ЖИ ойынға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, ойыншының ақыл-ойы мен шыдамын сынайтын алаңға айналды. Бұл – ойынға терең бойлау мен сезімнің жаңаша түрін бастан кешіруге мүмкіндік беретін құрал, ойыншының ақылы мен еркін сынайтын шынайы орта.
Жасанды интеллект бүгінде ойын индустриясында контент жасаудың қуатты құралына айналды. Ол арқылы тұтас ғалам жүйесін, әртүрлі тапсырмаларды, тіпті тіршілік иелерін ойлап табуға болады. Әсіресе ашық әлемге негізделген ойындар үшін бұл — таптырмас мүмкіндік. Мәселен, No Man’s Sky ойыны – соның жарқын мысалы. Онда миллиондаған планета бар, әрі әрқайсысы нейрожелінің көмегімен автоматты түрде жасалған. Осындай технологияның арқасында ойын әлемі әрдайым жаңарып, зерттеуге қызықты кеңістікке айналады.
Сондай-ақ жасанды интеллект адам кейпін, табиғат көріністерін, түрлі заттар мен олардың бет-бейнесін шынайы түрде бейнелеу үшін де жиі қолданылады. Мұндай тәсіл әзірлеушілердің уақытын үнемдеп, шығармашылық үдерісті жеңілдетеді. Дегенмен, бар шаруаны ЖИ-ге тапсырып қою дұрыс шешім емес. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ойын әлемі бірсарынды, жансыз әрі әсерсіз болуы мүмкін. Сондықтан адам қиялы мен шеберлігі әлі де маңызды рөл атқарады.
Нейрожелілер ойындарды сынақтан өткізу кезеңінде де тиімді қолданылады. Қазіргі ойындардың құрылымы күрделі, сондықтан оларды тексеру үшін сан алуан жағдай ескерілуі тиіс. Мұндайда ЖИ түрлі сценарийлер құрастырып, ықтимал ақаулар мен олқылықтарды анықтауға көмектеседі. Кейіпкерлердің киім үлгісінен бастап, ойын ішіндегі оқиғалар мен деңгейлерге дейінгі бүкіл нұсқалар жасанды интеллект арқылы сараланып, жетілдіріледі.

Жасанды интеллект қолданылатын тағы бір маңызды бағыт — ойынның күрделілік деңгейін ойыншының қабілетіне бейімдеп отыру. Қазіргі заманауи жобаларда «күрделілік нүктесі» деп аталатын арнайы жүйе бар. Бұл – ойыншыны тым қиындатпай да, жалықтырып та жібермей, қызығушылық пен ынтаны сақтап тұруға арналған әдіс. Ал ЖИ осы қисықты дәл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде жасанды интеллектісіз толыққанды ойын құрастыру мүмкін емес. Әсіресе, көлемді, көп деңгейлі күрделі жобаларда ол — негізгі құралдардың бірі. Егер ойыншы мен виртуалды кейіпкерлер арасында шынайы өзара әрекет орнауын қаласақ, мұндай байланыс ЖИ-дің көмегінсіз жасанды әрі жалаң көрінеді.
Нейрожелілер мен ЖИ технологияларының арқасында ойыншылар виртуалды кеңістікпен әлдеқайда тығыз байланыс орната алады. Олар нақты уақыттағы қозғалыстарды, физикалық әсерлерді дәл модельдеп, қоршаған ортаны шынайы сезінуге мүмкіндік береді. Бұл — ойын әлеміне толықтай сүңгіп, нағыз тәжірибе алуға жол ашады.
Мақала ашық дереккөздерге сүйеніп дайындалды.