Қазіргі заманда әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Адамдар олар арқылы сөйлесіп, ақпарат алмасады, жұмыс мәселелерін шешеді. Алайда осы қолайлылықты алаяқтар тиімді пайдаланып, мессенджерлер арқылы қаржылық және киберқылмыстардың жиілігі артты.
Қазіргі алаяқтық әдістер күрделі техникалық дағдыларға немесе арнайы құралдарға тәуелді емес. Қаскөйлер адамның сенгіштігіне, асығыстығына және үрейіне әсер етіп, психологиялық қысым жасайды. Сондықтан жеке деректер мен қаржыны қорғау бұрынғыдан да өзекті мәселе болып отыр.
GhostPairing деп аталатын жаңа тәсіл кең таралуда. Бұл әдісте алаяқтар WhatsApp парақшасын қосымша құрылғы ретінде қосып, пайдаланушының хабарламаларына, суреттеріне, бейнематериалдары мен жеке деректеріне толық қол жеткізе алады. Пайдаланушы бұл жағдайды байқамай, телефоны қалыпты жұмысын жалғастыра береді. Әдетте келетін хабарлама ресми ескертуге ұқсас болып, сілтеме арқылы жасалған алаяқ сайтқа бағыттайды. Сол жерде телефон нөмірі мен растау кодын енгізу талап етіледі. Мәліметтер енгізілген соң, парақша бөтен адамның бақылауына көшеді.
Пайдаланушының өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қарапайым әрі тиімді жолы – қосымшаның байланыстырылған құрылғылар бөлімін тұрақты түрде тексеру. Таныс емес құрылғы анықталса, оны дереу өшіріп немесе қосымшадан бөлу қажет.
Алаяқтар кейде таныс адамның атынан хабарлама жіберіп, эмоцияға әсер етіп, асығыстыққа итермелейді. Мұндай жағдайда сілтемеге өтуге немесе ақша аударуға асықпай, хабарлама жолдаған адаммен басқа байланыс арнасы арқылы растау маңызды.
Соңғы жылдары жиі қолданылатын тағы бір әдіс – өзін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыру. Алаяқтар адамның атынан несие рәсімделіп жатыр немесе күмәнді операция тіркелді деп қорқытып, қаражатты қауіпсіз шотқа аударуды өтінеді. Есіңізде болсын, ресми ұйымдар мұндай мәселелерді мессенджер арқылы шешпейді.
Қауіпсіздіктің басты қағидасы – асығыстыққа берілмеу. Егер хабарлама үрей туғызса немесе жедел әрекет жасауға шақырса, оны мұқият тексермей ешқандай қадам жасамаған жөн. Күдікті сілтемелерге өтпеу, бөгде қосымшаларды орнатпау және ақпаратты бірнеше арна арқылы нақтылау жеке деректер мен қаржыны қорғаудың сенімді жолы болып саналады.












