Home Электроника Деректерді сақтау және жинақтау VK Cloud Қазақстанда машиналық оқытуға арналған платформаны іске қосты

VK Cloud Қазақстанда машиналық оқытуға арналған платформаны іске қосты

17

Алматыда өткен «VK Cloud Nomad Fest» конференциясында VK Tech компаниясы машиналық оқыту бағытындағы толық циклді қамтитын Cloud ML Platform бұлтты платформасын таныстырды. Жаңа шешім қазақстандық компанияларға инфрақұрылым орнатуға уақыт жұмсамай-ақ, деректермен тәжірибе жасап, ML-модельдерді жылдам оқытуға мүмкіндік береді.

Cloud ML Platform — бұл деректермен жұмыс істейтін командаларға арналған дайын әрі ортақ жұмыс алаңы. Платформа арқылы қолданушылар алдын ала бапталған орталарға қол жеткізе алады және өздеріне қажетті конфигурация мен есептеу қуатын таңдай алады. Пайдаланушыларға тәулік бойы техникалық қолдау мен егжей-тегжейлі құжаттама ұсынылады. Платформа құрамына JupyterHub, MLflow + JupyterHub, MLflow Deploy, Cloud Spark сияқты бағдарламалар кіреді.

VK Cloud-тың деректерді өңдеу орталығы Қазақстанда орналасқан. Платформа мен машиналық оқытуға арналған жүйелер толықтай жергілікті жерде орналастырылған және Қазақстан Республикасының «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан бұл шешімді клиенттердің жеке деректерімен жұмыс істейтін компаниялар сенімді түрде пайдалана алады. Платформа қызметтері үшін есеп айырысу тек теңге арқылы жүргізіледі.

Машиналық оқытуды енгізу — медицина, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, онлайн-сауда және қаржы салаларындағы жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады.

«VK Cloud Қазақстанда бұлтты технологиялар арқылы бизнеске арналған өнімдер желісін кеңейтуді жалғастырып келеді. Біз жақында VDP Lakehouse – деректерді сақтауға және өңдеуге кететін шығындарды 10 есеге дейін азайтатын бұлтты шешімді іске қостық. Алдағы уақытта машиналық оқыту мен күрделі есептеулерге арналған бұлтты GPU карталарын жалға беру мүмкіндігін іске қосамыз. Біз ML мен AI арқылы Қазақстан компанияларының технологиялық дамуына нақты үлес қосып жатырмыз деп сенеміз»,-деп VK Cloud Қазақстан компаниясының техникалық директоры Болат Кажкенов жаңа платформаның маңыздылығына тоқталып өтті.

Мақала «VK Cloud Nomad Fest» баспасөз қызметіне сүйене отырып жазылған.