Қаржы мониторингі комитеті елдегі көлеңкелі табысты анықтады. 2023 жылғы деректерге жүргізілген талдау барысында 260 мың салық төлеушінің күн сайын тек бір түбіртекпен шектелегені немесе түсім көлемін өзгеріссіз көрсетіп келгені анықталды.
Сонымен қатар, 82,2 мың кәсіпкер өз кірістерін POS-терминалдар мен QR төлемдер арқылы алғанымен, оларды салықтық есептерінде көрсетпеген. Жасырылған қаражаттың жалпы сомасы бір триллион теңгеден асады, деп хабарлайды Kazinform Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік кірістер комитеті заң бұзушылықтарды өз бетінше түзетуге мүмкіндік беру мақсатында тиісті кәсіпкерлерге камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберді. Оларды орындау мерзімі 20-26 наурыз аралығында белгіленген.
Қазіргі таңда 6,2 мың кәсіпкер салықтық декларацияларын қайта тапсырып, жалпы 43,7 миллиард теңге табысты заңды түрде мойындады. Нәтижесінде, 1,1 миллиард теңге салық есептелді.
Қаржы органдары салық заңнамасын бұзу деректері бойынша тексеру шараларын жалғастырып, кәсіпкерлердің кірістерін толықтай жария етуін талап етпек.