Spotify платформасында ай сайын миллионнан аса тыңдалым жинап жүрген Velvet Sundown жобасы тыңдарманды ерекше әуенімен ғана емес, күтпеген мәлімдемесімен де таңғалдырды. Белгілі болғандай, бұл — шынайы адамдардан құралған топ емес, жасанды интеллект жасаған музыкалық жоба.
Бірнеше күн бойы желі қолданушылары бұл топтың табиғатына күмән келтіріп, түрлі болжамдар жасаған еді. Ақыры жобаның ресми парақшасында шындықтың беті ашылды:
«Бұл — тұрақты шығармашылық арандату», — деп жазылған Spotify-дегі сипаттамада.
«Барлық кейіпкерлер, оқиғалар, әуендер, дауыстар мен ән мәтіндері – жасанды интеллект көмегімен жасалған. Біз оны шығармашылық құрал ретінде қолдандық», — деп нақтылай түседі жоба өкілдері.
Қиялдан туған кейіпкерлер
Velvet Sundown өздерін кәдуілгі инди-топ ретінде таныстырып, 1970-жылдар стиліндегі винтаж суреттер мен эстетиканы таңдады. Әлеуметтік желіде «топ мүшелерінің» фотолары жарияланып, қолданушылар назарын бірден аударды. Бірақ біртіндеп олардың тым мінсіз бет-әлпеті, табиғи емес жарық пен ракурстар күмән тудырды. Адамдар бұл — нейрожелі арқылы жасалған жалған бейнелер екенін болжады.
Дегенмен, көпшілік үшін шындық емес, әуен маңыздырақ еді. Әсіресе жастар арасында әндері тез таралып, жылы пікірлер жинай бастады. Альбомдар танымалдылыққа ие болса да, бірақ ешкім оның артында жасанды интеллект тұрғанын байқай қоймады.
Технология ма, алдау ма?
Velvet Sundown – жасанды интеллектінің мәдениетке енуінің тағы бір жарқын мысалы. Сарапшылар мұндай жағдайлардың жиілеп бара жатқанын айтып, шынайы өнер мен цифрлық жалғанның аражігін ажырату қиынға соғатынын ескертуде. Бүгінгі таңда нейрожелілер тек сурет пен бейне емес, толық музыкалық туындыларды да жасап, тыңдарманды оңай сендіре алатынына тағы бір дәлел — осы жоба.
Әлем бойынша бес миллионнан астам шығармашылық иелерінің мүддесін қорғайтын Халықаралық авторлар мен композиторлар конфедерациясы (CISAC) жасанды интеллекттің музыкалық салаға жаппай енуінен туындайтын қауіпке әлі былтыр-ақ алаңдаушылық білдірген. Ұйымның болжауынша, алдағы төрт жыл ішінде музыканттардың табысы 20 пайыздан астамға төмендеуі мүмкін.
Стриминг платформалары не дейді?
Velvet Sundown оқиғасына қатысты Spotify нақты пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен, платформаның өкілі Джеральдин Иго өз пікірін білдірді.
«Біз ЖИ арқылы жасалған музыкаға басымдық бермейміз және ондай контенттен қаржылық пайда көріп отырған жоқпыз», – деді ол.
Оның айтуынша, барлық өлеңдер үшінші тараптар арқылы жүктелген және оларда тиісті лицензиялар бар.
Ал Spotify-дың бәсекелесі Deezer бұл мәселеге анағұрлым ашық қарады.
«Бұл альбомдағы кейбір өлеңдер жасанды интеллектінің көмегімен жасалған болуы мүмкін»,- деп тек ескертті.
Deezer күн сайын толығымен ЖИ арқылы жасалған 20 мыңнан астам трек қабылдайтынын хабарлады. Бұл — жалпы жүктелетін контенттің шамамен 18 пайызы.
Шынайылық пен жасандының арасындағы шекара жойылып барады
Бұл жағдай — ЖИ-дің тек өнер туындатумен шектелмей, манипуляция құралына да айналып бара жатқанының бір белгісі. Жақында ғана жалған адам ЖИ-дің дауыс синтезін пайдаланып, өзін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио деп таныстырып, жоғары лауазымды тұлғаларға хабарлама жібергені мәлім болды.
Шынайы мен жалғанның аражігін ажырату күн сайын қиындап барады. Ал жасанды интеллект көмекші құрал ғана емес, мәдениет сахнасына шыққан толыққанды «кейіпкерге» айналып келеді.
Дереккөз: Agence France-Presse