АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні электромобильдерге сын айтып, 2021 жылы Джо Байден қол қойған жарлықты жойды. Бұл құжат 2030 жылға қарай елде сатылатын жаңа көліктердің 50%-ын электр қуатымен жұмыс істейтін көліктерге айналдыруды көздеген болатын.
Байденнің бұл мақсаты заңды міндетті күшке ие болмаса да, америкалық және халықаралық автокөлік өндірушілер тарапынан қолдау тапқан еді.
Трамп өз жарлығында электромобильдерді қуаттау станцияларына арналған 5 миллиард долларлық қордан қалған қаражатты бөлуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, ол штаттарды 2035 жылға қарай нөлдік шығарындылары бар көліктерге арналған ережелерді қабылдау міндетінен босату құқығын жоюды және электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктерді қайта қарауды ұсынды.
Трамп Қоршаған ортаны қорғау агенттігіне (EPA) шығарындылар бойынша қатаң талаптарды қайта қарау жөнінде тапсырма беруді жоспарлап отыр. Бұл ережелер автокөлік өндірушілерін 2032 жылға қарай көліктерінің 30%-дан 56%-ға дейінгі үлесін электр қуатымен жұмыс істейтін көліктерге ауыстыруға міндеттейді. Онымен қоса, АҚШ Көлік министрлігі енгізген ережелер де қайта қаралуы мүмкін.
Трамптың айтуынша, EPA-ның Калифорнияға 2035 жылға дейін бензинмен жүретін көліктердің сатылуын тоқтату құқығын беретін ерекше мәртебесін жою қажет. Қазіргі таңда бұл ережені 11 штат қабылдаған.
Ол өз жарлығында “штаттарға бензин қозғалтқышымен жүретін көліктердің сатылымына шектеу қоюға мүмкіндік беретін ерекше құқықтарды жою” мәселесін көтерді.
Айта кету керек, Трамп әкімшілігі электромобильдерге басымдық беретін, әділетсіз субсидиялар мен нарықтағы бұрмалауларды жоюды қарастыруы қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Трамп электромобильдерге берілетін 7500 доллар көлеміндегі салықтық жеңілдіктерді алып тастау туралы ұсыныс жасаған болатын.
Сайлауалды науқанында Трамп Байденнің “электромобиль мандатын” тоқтатуға уәде берді, бірақ нақты қандай шаралар қолданылатынын ашып айтпады. Ал Байден болса, бензин қозғалтқыштары бар көліктердің сатылымын тоқтату үшін нақты мерзім белгілеуден бас тартты.
Сонымен қатар, Трамп мұнай өндірісін ұлғайтуды және Байденнің таза энергияға қатысты бастамаларын тоқтатуды көздейтінін мәлімдеді. Бұл бастамалар жел және күн энергиясына, сондай-ақ сутегі өндіруге арналған субсидияларды қамтиды.