Home Техника Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салуға «Росатомды» таңдады

Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салуға «Росатомды» таңдады

13

Қазақстанда атом энергетикасы саласындағы тарихи шешім қабылданды. Еліміздің алғашқы атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум ішінде ресейлік «Росатом» корпорациясы бас мердігер ретінде таңдалды. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігі ресми түрде хабарлады.

Байқау аясында Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компанияларының ұсыныстары қаралған. Алайда ведомствоаралық комиссияның шешімімен «Росатомның» жобасы Қазақстан үшін тиімді және стратегиялық мүдделерге сай деп танылды. Сонымен қатар, ресейлік тарап станция құрылысын мемлекеттік экспорттық несиелеу есебінен қаржыландыруға әзір екенін білдірді.

Болашақ АЭС Балқаш көлінің маңында, еліміздің оңтүстігінде бой көтермек. Жоба 10–12 жыл ішінде жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Құрылыс 2035-2036 жылдары толық аяқталады деп күтіледі. Құны шамамен 10-15 миллиард АҚШ доллары көлемінде бағалануда.

Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салуға «Росатомды» таңдады

Станцияда ВВЭР-1200 үлгісіндегі «3+» буынды реакторлар орнатылады. Мұндай реакторлар бүгінде Ресей мен Беларусь елдерінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Түркия, Мысыр, Венгрия секілді елдерде де пайдаланылуда. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, бұл реакторлар халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай әрі белсенді және пассивті қорғаныс жүйелерімен жабдықталған.

АЭС салу мәселесі Қазақстанда алғаш рет 1990 жылдардың соңында көтеріле бастағанымен, нақты қадамдар тек 2024 жылдың қазан айындағы референдумнан кейін басталды. Ол кезде халықтың 71 пайызы станция құрылысын қолдаған болатын.

Атом энергетикасы жайлы қоғамда түрлі пікір айтылып жатқанына қарамастан, билік өкілдері жобаның Қазақстанның толық бақылауында болатынын мәлімдеді.

«Қазақстан бұл жобада толыққанды иелік етуші ел болады. Яғни, станцияны шетелдік мамандар салып береді, отандық кадрларды оқытып, технологияны үйретеді де, кейін жобадан шығады. Барлық басқару тетігі мен меншік құқығы еліміздің қолында қалады», – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Власть» басылымына берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, станцияның негізгі бөліктері мен технологиялары отандық кәсіпорындарда шығарылатын болады. Бүгінде елімізде уран өндіру, оны өңдеу және ядролық отын шығару инфрақұрылымы қалыптасып келеді.