Home Техника Автокөліктер Toyota сутегімен жүретін жаңа буын көліктерін таныстырды

Toyota сутегімен жүретін жаңа буын көліктерін таныстырды

43

Toyota компаниясы сутегі отынымен жұмыс істейтін жаңа қуат жүйесін ұсынып, экологиялық таза көліктер өндірісінде тағы бір қадам жасады.

Үшінші буын қондырғысы төзімділігімен және үнемділігімен ерекшеленеді. Жаңа жүйенің қызмет ету мерзімі алдыңғы үлгілермен салыстырғанда екі есе ұзақ, ал тозуға төзімділігі дизель қозғалтқыштарымен деңгейлес. Сонымен қатар, жетілдірілген құрылымы мен өндіріс технологиясы батареялардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңартылған жүйе арқылы Toyota Mirai бір қуаттау кезінде 772 шақырым жүре алады – бұл алдыңғы көрсеткіштен 20%-ға артық.

Компания сутегі технологиясын тек жеңіл және коммерциялық көліктерде ғана емес, кеме жасау мен теміржол саласында да қолдануды көздейді. Сондай-ақ, жаңа қондырғыны стационарлық генератор ретінде пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Жаңа жүйе алғаш болып Солтүстік Америка, Еуропа, Қытай және Жапония нарықтарына енгізіледі, ал сатылым 2026 жылдан кейін басталады.

Toyota 2014 жылы алғашқы Mirai моделін шығарғаннан бері 28 000-нан астам сутегі көлігін сатты. Әзірге бұл сан аса жоғары емес, дегенмен компания болашақта экологиялық таза көліктерді дамытуға бел буып отыр.