Home Кәсіби маман Аналитика Тиімді тариф іздеп жүрсіз бе? Қазақстандағы тарифтерге шолу

Тиімді тариф іздеп жүрсіз бе? Қазақстандағы тарифтерге шолу

12

Соңғы уақытта байланыс қызметтерінің бағасы күрт қымбаттап кеткені белгілі. Осыған байланысты біз ұялы байланыс нарығындағы қазіргі жағдайды зерттеп, қолданушыларға ең тиімді ұсыныстарды анықтауға тырыстық.

Қазір Қазақстанда байланыс қызметін сегіз түрлі бренд ұсынады. Үшеуі — негізгі мобильді операторлар: Altel, Tele2, Kcell. Сонымен қатар, олардың ішкі өнімдері Activ пен Beeline бар. Бұған қоса, IZI және банк негізінде құрылған ForteMobile мен JusanMobile секілді нарықта виртуалды операторлар да жұмыс істейді.

Аталған брендтердің тарифтік желісін сараптай отырып, ең арзан ұсыныстар мен олардың шарттарын таңдадық. Қазіргі қолданыстағы барлық тарифтердің толық кестесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Тиімді тариф іздеп жүрсіз бе? Қазақстандағы тарифтерге шолу

Бүгінде ең қолжетімді бағаны ForteMobile ұсынып отыр. Оның Gold тарифі 12 ГБ мобильді интернет, желі ішіндегі және Beeline нөмірлеріне шексіз қоңырау, өзге операторларға 120 минут және 50 SMS қамтиды. Егер сізде Forte қосымшасы болса, бұл топтама айына бар болғаны 1500 теңгеге шығады. Ал қосымша болмаса — 3500 теңге.

Forte бұдан бөлек арнайы акция да жариялаған: нөмірін өз желісіне ауыстырған тұтынушылар, бірінші қосылымнан кейін үш ай бойы байланыс пен интернетті тегін пайдалана алады. Бұл жеңілдік Gold, Platinum және Platinum+ тарифтерінің барлығына қолданылады. Акция Altel, Tele2, Activ және Kcell нөмірлеріне де қатысты.

Айта кетерлігі, Altel, Tele2, IZI және Activ операторларында тариф бағаларында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Ең арзан пакеттер 2690–2890 теңгеден басталады, ал мұндай топтамаларға шамамен 7–12 ГБ интернет кіреді.

Барлық операторларда «тариф-конструктор» қызметі бар. Яғни, әр тұтынушы өз қажеттілігіне қарай бір тариф аясында интернет көлемін, сөйлесу минуттары мен SMS санын өз бетінше таңдай алады.

Әр байланыс операторында өзіндік ерекшелік пен тұтынушыға арналған қосымша бонустар қарастырылған. Мәселен, IZI-де тарифтің қолдану мерзіміне шектеу қойылмаған — алынған ГБ мен минуттар 30 күн немесе ай соңына дейін емес, толық таусылғанға дейін жарамды. Activ болса, «Гигабайт үшін жүр» атты экологиялық акция ұсынады: әр 5 мың қадам үшін 500 МБ бонус береді. Beeline өз кезегінде «СуперҚабілет» акциясы аясында BeeTV, Hitter немесе Simply сервистерінің бірін тегін таңдауға мүмкіндік береді.

JusanMobile тарифтері қымбатырақ: айына 3300 теңге. Мұнда тұтынушы таңдауына қарай не интернетке (8–16 ГБ), не сөйлесу минуттарына (80–160 минут) басымдық бере алады. Сонымен қатар, Jusan төлем жүйесі арқылы айына 50 мың теңге көлемінде қолма-қол емес төлем жүргізетін болсаңыз, байланыс қызметін мүлде тегін пайдалану мүмкіндігі де бар.

Тиімді тариф іздеп жүрсіз бе? Қазақстандағы тарифтерге шолу

Осы арада елдегі мобильді интернет жылдамдығы да артып келеді. Мысалы, Speedtest дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың шілдесінде Қазақстандағы мобильді интернеттің медианалық жүктеу жылдамдығы секундына 33,9 мегабитке жеткен. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда (22,6 Мбит/с) едәуір жоғары.

Дереккөз: https://ranking.kz/reviews/industries/mobilnye-operatory-rk-analiz-tarifov-i-predlozheniy.html