Қазақстанда жоғары оқу орындарына арналған білім гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау жалғасып жатыр. Талапкерлер 20 шілде сағат 18:00-ге дейін өтініш бере алады. Құжаттарды дәстүрлі жолмен де, электронды үкімет порталы – eGov.kz арқылы да тапсыруға мүмкіндік бар.
Онлайн өтінім қабылдау 13 шілде күні басталған. Бұл тәсіл талапкерлер арасында жыл сайын танымал бола түсуде. Мәселен, өткен жылы 5 мыңнан астам түлек eGov.kz арқылы құжат өткізген.
Онлайн өтініш беруді жоспарлаған талапкерлерге төмендегі құжаттарды алдын ала дайындау қажет:
- орта білім туралы аттестаттың немесе дипломның электронды нұсқасы;
- 3×4 көлеміндегі фотосурет;
- егер үміткер ұшқыш мамандығына (В167 – әуе кемелерін басқару) түсуді көздесе – медициналық комиссияның қорытындысы қажет болады.
Әлеуметтік жағынан осал талапкерлер қосымша қолдауға өтініш бере алады. Олардың қатарына аз қамтылған отбасылардан шыққан түлектер мен мүмкіндігі шектеулі жастар кіреді. Мұндай қолдауға ие болу үшін өз мәртебесін растайтын ресми құжаттар тапсыру қажет. Оған анықтамалар, куәліктер немесе заңда көзделген өзге де дәлелдер жатады.
Өтінімді қалай тапсыруға болады?
- eGov.kz порталына кіріп, жеке кабинет арқылы авторизациядан өту;
- «Білім» – «Жоғары білім» бөлімін таңдау;
- Грант беру мен әлеуметтік қолдау қызметін табу;
- Электронды өтінішті толтырып, ЭЦҚ немесе өзге де қол қою тәсілі арқылы растау;
- Жеке кабинетке келіп түсетін өтінімнің қабылданғаны туралы хабарламаны күту.
Порталдың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін электронды кезек жүйесі іске қосылған. Бұл жүйе өтінімдерді автоматты түрде ретімен қабылдайды, сондықтан аталмыш бөлімді жаңартудың қажеті жоқ. Сондай-ақ SMS-хабарлама арқылы кезек туралы ескерту алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін өтініш беру кезінде телефон нөміріңізді көрсету жеткілікті. Егер нөміріңіз мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, хабарлама автоматты түрде келеді. Тіркелмеген жағдайда, оны қолмен енгізуге болады.
Маңызды ескерту. Егер өтініш беру уақыты басталмай тұрып жүйе бетін жапсаңыз, кезегіңіз жойылып, өтініш қабылданбай қалуы мүмкін.
Білім гранты берілгені туралы ресми куәлік электронды түрде рәсімделіп, талапкердің жеке кабинетіне 2025 жылдың 10 тамызына дейін жүктеледі.