Home Технологиялар Инновациялар Түркістан облысына еліміздегі ірі күн электр станциясының бірі салынады

Түркістан облысына еліміздегі ірі күн электр станциясының бірі салынады

37

Пекинде Түркістан облысы Сауран ауданында қуаттылығы 300 мегаватт болатын күн электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылды. Жобаның жалпы инвестициясы 320 миллион АҚШ долларын құрайды, ал құрылыс 2025–2026 жылдары аяқталуы жоспарланып отыр.

Келісім Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесінің отырысы аясында жасалды. Құжатқа Қазақстан Энергетика министрлігі мен әлемдік энергетика саласындағы ірі компаниялардың бірі China Energy Engineering Group қол қойды. Салтанатты рәсімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жобаның стратегиялық маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Қол қойылған келісімге тек күн электр станциясын салу ғана емес, сонымен қатар энергетика саласында әрі қарайғы ынтымақтастық, электр желілерін жаңғырту және қалдықтарды электр энергиясына айналдыру жобалары кіреді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенжановтың айтуынша, станцияның құрылысы елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін береді. Жоба оңтүстік өңірлердің энергетикалық жүйесін нығайтып, көміртексіз даму бағытындағы маңызды кезең болады және жаңа жұмыс орындарын ашады.

China Energy Engineering Group корпорациясы Fortune Global 500 рейтингіне кіретін алпауыт компания және күн, жел, су және атом энергетикасы саласында жобаларды жүзеге асырады. Қазақстанда корпорация жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен өңірлерді біріктіретін электр желілерін салуға белсенді түрде қатысады.

Түркістан облысындағы күн электр станциясының іске қосылуы энергетикалық жүйені әртараптандыруға және Қазақстанның таза энергетика саласында өңірлік көшбасшы ретінде беделін нығайтуға маңызды қадам болады.