Home Техника Ақылды үй құрылғылары Су есептегіш жүйелер цифрлық форматқа көшеді: Қазақстанда жаңа талаптар бекітілді

Су есептегіш жүйелер цифрлық форматқа көшеді: Қазақстанда жаңа талаптар бекітілді

9

Қазақстанда сумен жабдықтау жүйелерін басқару мен есепке алу үдерісін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат қабылданды. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен елді мекендердегі су есептегіш құралдарын таңдау, орнату және пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізіліп, жаңа талаптар бекітілді.

Жаңартылған қағидалардың негізгі мақсаты – деректерді жинау мен жеткізуді толық автоматтандыру. Енді су тұтыну көрсеткіштері ақпараттық-өлшеу жүйелеріне және энергияны есепке алу жүйелеріне тікелей әрі үздіксіз беріліп отырады. Бұл, өз кезегінде, есептің нақтылығын арттырып, ресурстарды басқару тиімділігін күшейтеді.

Құжатта деректерді жеткізудің бірыңғай желісі ретінде NB-IoT технологиясына басымдық берілген. Сонымен қатар LoRaWAN технологиясын қолдану мүмкіндігі де сақталады. Бұрын орнатылған LoRaWAN жүйесіндегі құрылғылар олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қызметін жалғастыра береді. Алайда жаңа орнатылатын құрылғылар үшін NB-IoT желісі негізгі стандарт ретінде қарастырылады.

Жаңартылған талаптар тек техникалық сипатпен шектелмейді. Құжатта деректерді қашықтан жинау мен беру ұғымы нақты айқындалып, энергия тұтынуды автоматтандырылған түрде есепке алу жүйесін енгізу көзделген. Сонымен қатар есептегіш құралдар орнатылған орнына, жұмыс істеу қағидатына және деректерді жеткізу тәсіліне қарай жүйеленіп, олардың бірыңғай жіктемесі ұсынылған.

Есепке алу құралдарын орнату мен пайдалану тәртібі де қайта қаралды. Әсіресе, олардың сенімділігі мен ұзақ мерзімді қызметін қамтамасыз етуге баса мән берілген. Осыған байланысты құжатта есептегіш құрылғыларға кемінде бес жыл кепілдік қызмет көрсету міндеті белгіленген.

Жалпы алғанда, аталған өзгерістер су ресурстарын басқару жүйесін цифрлық деңгейге көшіруге бағытталған. Бұл бастама коммуналдық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, тұтыну деректерінің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.