Home Технологиялар Ғаламтор және желі Starlink-ке шектеу: Қазақстан не үшін тыйым салмақ?

Starlink-ке шектеу: Қазақстан не үшін тыйым салмақ?

8

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ел аумағында спутниктік байланыс жүйелеріне, соның ішінде Starlink-ке шектеу қоюдың себебін түсіндірді.

Өткен жылдың соңында министрлік Thuraya, Iridium, Inmarsat және Starlink жүйелерін Қазақстанға әкелуге және пайдалануға тыйым салу туралы бұйрық жобасын ұсынған еді. Министрлік бұл шараны ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алғанын мәлімдеді. Себебі еліміздің заңнамасына сәйкес, шетелден басқарылатын байланыс желілерін қолдануға рұқсат жоқ. Қазіргі уақытта бұйрық жобасы қосымша талқылаудан өтіп жатыр.

Қазақстан шетелдік спутниктік байланыс жүйелеріне балама ретінде бірнеше нұсқаны қарастыруда. Оның бірі – отандық KazSat спутниктік жүйесін дамыту. Сонымен қатар, ел аумағында жақында байланыс басқару орталығын ашқан OneWeb компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, министрлік Amazon Kuiper Commercial Services LLC компаниясымен ғарыштық технологиялар мен спутниктік байланыс саласында ынтымақтастық орнату жөнінде меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology Co., Ltd компаниясымен Қазақстанда байланыс басқару орталығын салу мәселесі қарастырылуда.

Яғни, ел билігі спутниктік байланысты шектеу арқылы отандық байланыс жүйесін дамытуға басымдық бермек. Бұл өзгерістер Қазақстанның телекоммуникациялық қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.